Қазақстанға ақпараттық модельдеу технологиясын енгізуді жоспарлаудамыз - ККК құрылыс компаниясының менеджері

АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің, ҚР Құрылыс істері және ТКШ агенттігінің қолдауымен «Консолидейтед Контракторс Компани» (Consolidated Contractors Company, ССС) компаниясы

мен Стенфорд университетінің интеграцияланған инженерия орталығымен бірлесе отырып, Қазақстанда алғаш рет «Ғимараттарды ақпараттық жобалау» (Bulding Information Modeling, BIM) тақырыбында конференция өтуде. Шара барысында Қазақстандағы құрылыс жобаларының қауіпсіздігін, сапасы мен өндіру тиімділігін қамтамасыз ететін жаңа, заманауи жүйелер талқыға салынады.

«Мұндай шараны өткізу осыдан жарты жыл бұрын қолға алынған болатын. Бұл ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуының барлық салаларына инновациялық жаңалықтарды енгізу ұсынысымен астасып жатқан конференция», - деді ККК менеджері, ғылым докторы Амр Хасан Елсерси ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, ең алғашқы мұндай конференцияны «ККК» компаниясы былтыр Әбу-Дабида өткізген болатын.   

«Біздің негізгі мақсатымыз қазақстандықтарды құрылыс саласындағы ақпараттық жобалау технологиясымен таныстыру. Біз ұсынып отырған технология 3D форматында жүргізіледі», - деді А. Елсерси.

Менеджердің айтуынша, таныстырылым екі бөлімнен тұрады. Біріншісі - концептуалдық-теориялық, екіншісі - практикалық. Конференцияда сөз сөйлеп, өз ойларымен бөлісуге АҚШ, Украина, Ұлыбритания елдерінен 9 ғылым докторы арнайы шақыртылды.

«Шақырылған мамандар Назарбаев Университетінде аталмыш тақырып бойынша дәріс оқиды деп жоспарланып отыр. Дәріс курстары бітісімен, біз ерекше көзге түскен студенттерді әлемнің әр елінде орналасқан нысындарымызда ақпараттық модельдеу технологиясын өз көздерімен көріп, тәжірибе алуына шақырамыз. Сондай-ақ, біз осы технологияны қазақстандық компанияларға енгізіп, құрылыс барысында пайдалануға беру жолдарын қарастырудамыз», - деді А. Елсерси.

Конференцияда сондай-ақ, құрылыс салуда жоғары сапалылық пен құрылыс жоспарларының қауіпсіздігі мәселелері талқыланды.

«ККК» компаниясы 1952 жылы Ливанда құрылған, ал бас кеңсесі Грекияда, Афины қаласында орналасқан. Әлем  бойынша 122 мыңнан астам қызметкері бар. ККК жобаларды басқару, инжиниринг, мұнай-газ бен энергетикалық саланы материалмен қамтамасыз етеді. Оған қоса тазалау құрылыстары мен ғимараттар, жолдар, көпірлер, көл мен теңіз астындағы құрылыстар мен құбыр тарту және мұнай-химиялық кешендерді құру жұмыстарын жүргізеді.