Қазақстанға алғаш рет келген әлемдік джаз жұлдыздары «Ақсай» республикалық клиникалық балалар ауруханасында болып қайтты

АЛМАТЫ. 4 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - АҚШ-тан кеше келген «Mosaic Project» джаз тобының музыканттары Терри Лайн Кэррингтонның бастамасымен «Ақсай» республикалық клиникалық балалар ауруханасында емделіп жатқан балаларға барып қайтты.

Онда музыканттар өздерінің қайырымдылық концерттерінің шеңберінде емханада жатқан балалармен тілдесіп, әкелген сый-сыяпаттарын беріп, балалар бөлмелерін түрлі дамытпалы ойыншықтармен толтырып қайтты.

Жұлдыздар кездесу барысында балалармен тез тіл табысып, әйгілі Jingle Bells әнін біріге айтты.

«Қайырымдылық жасаудың үлкен мәні мен маңызы бар. Мейірімділік, жақсылық жасаудан мен шексіз ләззат аламын, жақсы ән айтып, ізгілі іс істеген сайын мен одан қуат аламын. Сондықтан, біз әрқашан қайырымдылық істерді қолдап отырамыз, қайырымдылық шараларға жиі қатысамыз»,-деді әнші Нона Хэндрикс.