Қазақстанға Австриядан әкелінетін сиыр етінен тренболон гормоны анықталған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанға Австриядан әкелінетін сиыр етінен тренболон гормоны анықталған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары - Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, ағымдағы жылы Қазақстанда Украинадан келетін ірімшіктердің сапасыздығы анықталып, ондай тауарлардың еліміздің нарығына енуіне тыйым салынған. «Бұдан бөлек, Австриядан әкелінетін сиыр етінен (қара ангус еті - «Рибай Черного Ангуса» тауар белгісімен сатылған) тренболон гормоны анықталды. Жалпы, Кеден одағы аумағында гормоны бар шикі етті сатуға, таратуға тыйым салынған. Өйткені ондай етпен бірге оның құрамында антибиотиктер жүреді. Бұл негізі жануарларды тез өсіретін гормон, сондықтан шикі еттердің құрамында антибиотиктер көптеп ұшырасады», - деді ол.

Бас санитар дәрігердің айтуынша, Қазақстан үшін ет - бірінші орында тұрған тұтыну тағамы. Сондықтан бұндай гормондары бар азық-түліктер қазақстандық нарықта болмауы керек.

Сонымен қатар бүгінгі күні елімізде санитарлық-эпидемологиялық мониторинг нәтижесінде техникалық регламенттерге сай келмейтін импорттық азық-түлік өнімдерін елімізге әкелу мен сатуға тыйым салынған. Атап айтқанда, оның ішінде Беларусь Республикасында (1 компания) және Ресейде (4 компания) өндірілетін құс еті, Украина ірімшіктері, Италия, Франция, Шотландия, Ресей, Беларусь алкоголь өнімдері бар. Сондай-ақ Ресейден әкелінетін кептірілген ірімшікке, бауырдан жасалған паштетке және Перу жүзімдеріне тыйым салынған.