Қазақстанға әйнекті шытынатып кескін салу әдісін әкелдім — қызылордалық суретші

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облыстық көркемсурет галереясында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Дәулетбек Тойшыбаевтың «Оян» атты креативті көрмесі өтті. Онда көпшілік назарына соққылы нүктелік гравюра әдісімен орындалған картиналар ұсынылды.

Фото: Назерке Саниязова / Kazinform

Суретші сирек кездесетін көркемдік техниканы елімізге алғаш рет әкеліп отыр. Жаңа кескіндеме өнерінің ерекшелігі – картина әйнекті балғамен сындыру арқылы салынады. Көрмеге осындай әдіс арқылы дүниеге келген 20-ға жуық туынды қойылып, көрермен қауымның оң бағасын алды.

Фото: Назерке Саниязова /Kazinform

Бейнелеу өнерінің өкілі негізінен түркі халықтарына ортақ ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт бабадан бастап Қабанбай батыр, Әйтеке, Төле және Қазыбек билер, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы сияқты ұлт мақтаныштарының суретін салады. 

Фото: Назерке Саниязова / Kazinform
Фото: Назерке Саниязова / Kazinform

Биыл Италияда өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль иеленген тарихи чемпион, отандасымыз Михаил Шайдоровтың да кескінін әйнек бетіне түсірген.

Фото: Назерке Саниязова / Kazinform

- Әйнекке сурет салу тренді әлемде үш-төрт жыл бұрын басталды. Ал Қазақстан бойынша бірінші рет мен қолдандым. Бұл жерде балға қаламның ролін атқарады. Көзіме сынығы тимес үшін көзілдірік, ал даусы құлағымды ауыртпас үшін құлаққап тағып аламын. Маған, әсіресе, түнде тыныштықта жұмыс істеген ұнайды. Бүгінгі көрме – аз ұйықтап, көп жұмыс істегенімнің нәтижесі. Бүкіл картинаны бір аптаның ішінде салып бітірдім. Тәжірибем Ахмет Байтұрсынұлының суретін салудан басталды және ол сәтті шықты, - деді Дәулетбек Тойшыбаев.

Фото: Назерке Саниязова / Kazinform

Ол қылқаламнан бөлек құм, күріш арқылы сурет салады. Шегеге жіп тарту арқылы танымал музыкант, әнші-композитор, Қазақстан және Ресей эстрадасында өзіндік орнын қалыптастырған Батырхан Шүкеновті бейнелеу арқылы танымалдығы артты. Ал екі жыл бұрын «Kilem Аrt» атты көрмеде сырбойылық арулардың кілемдегі картиналары қабырғаға ілінді.

Фото: Назерке Саниязова / Kazinform

Бұл жолғы тың техникада бейне шыны бетіне түсірілген мыңдаған нәзік соққы арқылы қалыптасып, жарық пен фактураның үйлесімі нәтижесінде бірнеше көркем образ дүниеге келген. Кейіпкеріміз мұны интернеттен көріп үйренгенін айтты. Алайда, ешбір суретші бүге-шігесіне дейін көрсетіп, ерекше әдістің құпиясын аша қоймайды екен. Тек өзінің тынымсыз ізденісі арқылы білімін толықтырған. Ол үшін Қызылорданың шыны зауытынан шығатын өнімді өңдеп пайдаланады. Қанша көлемде шыны кететіні картинаның көлеміне байланысты. Ал туындының нарықтағы бағасы 300 мың теңгеден басталады.

- Көп шыны кетпеуі мүмкін. Бірақ бұл жерде мәселе көз майымды тауысқан еңбекте, - деді суретші.

Бұған дейін біз Гонконгтағы Мұра өнері және тоқыма орталығында қазақстандық суретші Гүлнұр Мұқажанованың «Жан жасауы» атты жеке көрмесі ашылғанын хабарлағанбыз.