Қазақстанға Бахрейн Корольдігінің шейхы келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен бүгін, 13 сәуірде Қазақстанға Бахрейн Корольдігінің шейхы Хамад бен Иса әл-Халифа тұңғыш рет ресми сапармен келеді.

Сапар барысында Елбасы мен шейх арасында келіссөздер жүргізіледі. Сондай-ақ шағын және кеңейтілген құрамда сауда-экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық, инвестициялық, индустрия және өзге де салалар бойынша ынтымақтастық мәселелері талқыланады.

Шейхпен бірге Қазақстанға екі жүзден астам ресми делегация өкілдері мен іскер топтар еріп келеді.

Хамад бен Иса әл-Халифа сапарының аясында 14 сәуірде Астанада «Қазақстан-Бахрейн: Стратегиялық әріптестік» бизнес-форумы өтеді.

Бизнес-форум жұмысына 40-тан астам: банк ісі, азық-түлік тағамы, мұнайгаз, мұнайхимия, металлургия және алюминий өнеркәсібі, ауыр машина құрылысы, көлік және туризм салаларындағы 40-тан астам бахрейн компаниялары қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар қазақстандық кәіспкерлер мен Бахрейннен келген бизнес-делегация мүшелерінің екіжақты іскерлік кездесуін өткізу көзделіп отыр.

Бизнес-форумның мақсаты - Қазақстан мен Бахрейн арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа ықпал ету.

Алқалы жиын екі елдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыруға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, өзге де мәселелерді шешуге мүмкіндік туғызады.