Қазақстанға БЭК-тің органдарын институализациялау жөнінде ұсыныс әзірлеу жүктелді - Ө.Шөкеев

АНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Кеше, 28 қаңтарда Мәскеуде өткен Кеден одағы комиссиясының отырысында Қазақстанға бір айдың ішінде Біртұтас экономикалық кеңістік органдарын институализациялау жөнінде ұсыныс әзірлеу жүктелді.

Бұл туралы Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.

Оның хабарлауынша, Қазақстанға бір ай мерзім ішінде Біртұтас экономикалық кеңістік органдарын инстиуализациялау бойынша тиісті ұсыныстарды енгізу міндеті жүктелді. «Қазіргі кезде Кедендік одақ комиссиясы тек тауар саудасымен ғана айналысу керек деген ой бар. Ал қызмет, капитал мен еңбекпен БЭК шұғылдану қажет. Міне, осы бойынша біз белгілі бір механизмді ұсынуға тиіспіз. Еуропалық одақ комиссиясы оның аналогы болуы шарт. Оның ішінде Кедендік одақ комиссиясы бір бағытқа ғана жауап беретін деректорат іспетті болуы қажет. Осыған байланысты біз Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың барлық құрылымдарын оңтайландырып, бір айдың ішінде өзіміздің ұсыныстарымызды енгізуміз қажет», - дейді Ө.Шөкеев.

Осы орайда ҚР Премьер-Министрі арнайы жұмыс тобын құрып, аталған мәселені Министрлер кабинетінің қарауына енгізуді тапсырды.