Қазақстанға бірнеше елден ұшқышсыз басқарылатын аппараттар жеткізілді

Фото:
ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов Қазақстанда ұшқышсыз басқаралатын аппараттардың санын көбейтуге ерекше назар аударылып отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кейінгі кездері әлем елдерінде болып жатқан қарулы қақтығыстар ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың маңызды рөлін байқатып отыр. Осы орайда елімізде бұл бағытта тиісті қадамдарды жасап жатырмыз. Қазір осы аппараттарды сатып алып жатырмыз және өзімізде де өндіруді қолға алдық», - деді С. Қамалетдинов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда ол аталған аппараттарды Қазақстанда өндіру жоспары жайында айтып берді.

«Бізде израильдік ұшқышсыз басқарылатын аппараттар бар, сондай-ақ ҚХР-дан да жеткізілді. Түркия компанияларымен бірлескен кәсіпорынды құру бағытында жұмыс іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, қазір отандық аппараттарды сынақтан өткізу іс-шаралары жалғасып отыр», - деді министрдің орынбасары.