«Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығының мәліметіне қарағанда, ДСҰ басшылығы биылғы 21-23 мамырда елордада өтетін VII Астана экономикалық форумына қатыспақ.
Естеріңізге сала кетейік, осы айдың басында Азия Даму Банкі Басқарушылар кеңесінің 47-ші жыл сайынғы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан биыл Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүшелікке өтетіндігіне үміт артатынын айтқан болатын.
«Бұған қоса, біз Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіруіне қатысты келіссөздер үдерісін аяқтауға жақынбыз. Толық мүшелік осы жылы орын алады деп үміт артамыз», - деді Н.Назарбаев.
Айта кетейік, Астанадағы форумға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Гьян Чандра Ачария, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің президенті Мартин Сайдик, БҰҰ Сауда және даму бойынша конференциясының бас хатшысы Мукиса Китуи, Азия Даму Банкі вице-президенті Тьерри де Лонгумар және қаржы саласындағы басқа да белгілі мамандар қатысады, деп күтілуде.