Қазақстанға Эбола індетіне қарсы вакцина жасау проблемасымен айналысу аса қажет емес - Әлібек Кеннет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Отандық ғалымдарға Эбола індетіне қарсы вакцина жасау проблемасымен айналысудың қажеті жоқ. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Кеннет мәлім етті.

«Вакцина немесе дәрілік препараттарды құру үшін өте қомақты қаржы керек, яғни бұл бағытта ондаған немесе жүздеген миллион доллар қажеттілік етеді. Елімізге бұл күрделі проблемамен айналысу аса қажет деп ойлап отырғаным жоқ. Осындай дерттер бойынша қорғаныс препараттарын жасауда қажетті қаржы сомасын АҚШ, Еуропаның елдері, Ресей тарапы игеруде. Сондықтан да бүгінгі жағдайда Қазақстанға еліміздің халқы үшін маңыздылығы жоғары проблемаларға ерекше мән берген жөн»,-деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, әуежайларда қауіпті дерттерден тексеру шараларын жүргізген дұрыс.

Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, 10 қазандағы жағдай бойынша Эбола вирусын жұқтырған 8399 адам тіркелген. Олардың 4033-і қайтыс болды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Әлиақпар Мәтішев Қазақстанда Эбола қызбасының табиғи ошақтарының тамыр жаюы және эпидемиялық таралуы үшін ешқандай жағдайлар жоқ екендігін айтқан болатын.

Комитет төрағасының сөзіне қарағанда, елімізге шет елдерден Эбола вирусының кіріп кетпеуін қамтамасыз ету үшін қажетті санитарлық-эпидемияға қарсы шаралар кешені жасалған. Шекаралардағы барлық өткізу аумақтарында санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілген.