Қазақстанға эндаумент қорлар не үшін керек
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында эндаумент қорлардың жұмысын реттейтін жаңа заң бірінші оқылымда қаралады. Ресми атауы — «Нысаналы капитал қорлары туралы» заң жобасы. Осы құжатты талқылап жатқан жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменовамен сұхбаттасқан едік.
— Жұлдыз ханым, әуелі эндаумент қор дегеннің елдегі қаптаған қорлардан айырмашылығы туралы айтайықшы. Қазақстанда дәл қазір неше эндаумент қор бар?
— Эндаумент қордың түрлі қорлардан басты айырмашылығы инвестициялық табысын ғана жаратуға болатынында. Мысалы, бір эндаумент қор аштыңыз дейік. Оған ниеттестеріңіз бен түрлі демеушілер жүздеген миллион теңге көмек аударуы мүмкін. Сіз қорды эндаумент қор деп атағандықтан донорлар аударған ақшаның бір де бір тиынын жұмсай алмайсыз. Бүкіл қордың шотындағы ақшаны түрлі құнды қағаздар мен облигацияларға, стартап жобаларға инвестиция ретінде саласыз. Осы инвестициялардан түскен кірісті ғана қордың жарғысында көрсетілген қайырымдылық бағдарламасына жұмсай аласыз. Эндаумент қор туралы ең бірінші білуіміз керек дүние осы.
Қазақстанда қазір шамамен 20-дан астам эндаумент қор тіркелген.
Кейінгі кезде эндаумент қорлар жоғары оқу орындарының білім беру қызметін қолдау үшін ғана емес, басқа да салаларда ашыла бастады. Мысалы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен қазақ тілін қолдауға арналған арнайы эндаумент қор құрылды. Сондай-ақ Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы жанынан ашылған «Жүрек орталығы» медициналық эндаумент қоры бар.
АҚШ немесе Ұлыбритания сияқты дамыған елдерде эндаументтер жүздеген жыл бойы жұмыс істеп келеді. Олардың қызметі нақты реттелген. Ал донорларға берілетін салықтық ынталандырулар жеке сектор мен ниетті демеушілердің белсенді қатысуына ықпал етеді.
АҚШ-та университет эндаументтерінің жиынтық қаржы көлемі 800 млрд доллардан асады. Ал Ұлыбританияда Оксфорд университетінің эндаументі шамамен 7,5 млрд фунтқа жеткен.
— Эндаумент қорлар бүгінге дейін қайырымдылық қорлары туралы заң аясында жұмыс істеп келді. Astana халықаралық қаржы орталығына тіркеліп, британ заңнамасы бойынша жұмыс істеп жатқандары да бар. Осындай мүмкіндіктер бола тұра «Эндаумент қор туралы» заң қабылдауға қандай қажеттілік туындап отыр?
— Ондай қажеттілік қолданыстағы заңнаманың шектеулері мен кемшіліктерінен туындайды. Бүгінге дейін эндаумент қорлар «Қайырымдылық қызмет туралы» заң аясында жұмыс істеп келеді. Арнайы заңнаманың жоқтығы эндаумент қорлардың инвестиция тарту мүмкіндіктерін шектейді.
Нысаналы капиталды тиімді инвестициялау үшін ашықтық пен қаржының тиімді жұмсалуын реттейтін құқықтық тетіктер қажет. Жаңа заң жобасы осы мәселелерді реттейді.
Сонымен бірге, жеке инвестицияларды тартуға және білім беру, ғылым мен инновация салаларында ұзақ мерзімді қаржыландыруды қамтамасыз етуге жол ашады.
— Бізде бәленше әулиенің атындағы қор, түгенше батырдың атындағы қор дейтін құрылымдар көп қой. Бір ғана Абайдың атын жамылған бірнеше қор бар. Эндаумент қор туралы заңның аясында осындай қорлардың жұмысын біріздендіретін қосымша баптар әзірледіңіздер ме?
— Абай Құнанбайұлы секілді танымал тұлғалардың есімін пайдаланатын қорлар Азаматтық кодексте белгіленген жалпы нормаларға бағынуы тиіс. Атап айтқанда, мемлекеттік рәміздер мен танымал тұлғалардың атын рұқсатсыз және теріс мақсаттарда, әсіресе коммерциялық пайда табу үшін пайдалануға тыйым салынады.
Азаматтық кодекстің 150-бабында тарихи тұлғалар мен символдардың атауын пайдалануға қатысты нормалар көзделген. Бұл бап атауларды қолдану басқа адамдардың құқықтарына нұқсан келтіруі немесе шатастыруға себеп болуы мүмкін жағдайларда, сондай-ақ коммерциялық мақсатта қолдануға жол бермейді.
Сонымен бірге, Заң жобасының 10-бабы 1-тармағына сәйкес Эндаумент қорын құру кезінде бенефициардың, яғни адресаттың белгілі бір аурухана, мектеп немесе университеттің жазбаша келісімі қажет. Бұл норма депутаттық корпустың ұсынысымен жұмыс тобында қабылданды. Танымал тұлғалардың атын теріс пиғылда пайдалануға жол бермейді.
— Сіздер заң жобасында эндаумент қор құруға қажет бастапқы капиталдың ең төменгі шегі белгіленген бе?
— «Нысаналы капитал қорлары (эндаумент қорлар) туралы» заң жобасында эндаумент қор құру үшін бастапқы капиталдың ең төменгі шегі белгіленбеген. Бұл қорды ерікті негізде құру мүмкіндігін білдіреді, яғни, бастапқы капитал көлемін икемді түрде белгілеуге болады.
Сонымен бірге, заң жобасында эндаумент қордың көлемі 10 000 айлық есептік көрсеткіштен (39 млн 620 мың теңге — ред.) асқан жағдайда, мұндай қорлар қосымша талаптарды орындауы қажет.
— Заң жобасында эндаумент қордың инвестициялық саясатымен байланысты қандай шектеулер, талаптар бар? Қордың құрылтайшылары ақшаны қандай салаларға инвестия ретінде сала алады?
— Эндаумент қорлардың активтері ретінде тек ақшалай қаражат қана емес, жылжымайтын мүлік, бағалы қағаздар мен зияткерлік меншік объектілері де қарастырылған. Қор уәкілетті орган бекітетін үлгі негізінде жасалған жарғы бойынша жұмыс істейді. Заң жобасы қордың басқару құрылымын белгілейді. Ол мынандай: қамқоршылық кеңес — жоғары орган, атқарушы орган және ішкі аудит қызметі. Қамқоршылық кеңес басқару стратегиясын айқындап, инвестициялық декларацияны және қаржылық жоспарды бекітіп, қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылайды, басқарушы компанияны таңдау шешімдерін қабылдайды.
Заң жобасына «эндаумент қорлардың қайырымдылық бағдарламаларында қарастырылған қайырымдылық» ұғымы енгізілді. Бұл ұғым инвестициялық кіріс есебінен қаржыландырылатын қайырымдылық көмекті жүзеге асыру мерзімдері мен тәртібін қамтитын шаралар жүйесі деп нақтыланды. Мұндай түсіндірме «ҚР Қайырымдылық туралы» Заңмен қайшылықтарды және шатасуды болғызбау үшін енгізілді.
Ал қайырымдылық бағдарламалары мына салаларды қамти алады: білім, ғылым және инновациялық қызмет, бұқаралық спорт, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық қызметтер және халықты әлеуметтік қорғау.
Әрбір эндаумент қордың қайырымдылық бағдарламасы бөлек әзірленіп, бекітіледі. Пайда алушы, яғни адресат эндаумент қордан алынған қаражатты бекітілген қайырымдылық бағдарлама бойынша ғана және эндаумент қор қалыптастырған бағыттар бойынша ғана пайдалана алады.
Эндаумент қордың қаражатын тиімді және кәсіби деңгейде басқару үшін арнайы лицензиясы бар кәсіби басқарушы компанияларға сенімгерлік басқару институты енгізіледі. Эндаумент қор инвестициялық кірісі 15 000 АЕК (59 млн мың теңге — ред.) жеткенде активтерін сенімгерлік басқаруға берілетін еді. Жаңа редакцияда 15 000 АЕК емес, 10 000 АЕК-те сенімгерлік басқаруға берілетін болды. Бұл — депутаттық корпустың түзетуі.
Сонымен бірге, депутаттар барлық құрылған эндаумент қорларға тәуелсіз аудит жүргізетін норма енгізді.
Әкімшілік басқаруға көп қаражат кетпес үшін, қаражат нақты әлеуметтік бағдарламаларға жұмсалуы үшін әкімшілік шығыстарға шектеулер қатайтылды: бұрынғы редакцияда инвестициялық табыстың 30% және теріс инвестициялық табыс болған жағдайда активтердiң орташа құнының 1% болса, қазір 15% және 0,5% болып белгіленді.
— Бұл заңның ұзақ мерзімді нәтижесі қандай болады деп ойлайсыз?
— Ең бастысы, эндаумент қорлар — білім, ғылым, инновациялық саясат, медицина, дәрі-дәрмек, әлеуметтік қолдау бағдарламаларына арналады.