Қазақстанға ірімшік шығаратын 40-тан астам кәсіпорын қажет - Мырзаxметов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде сүт өңдеу көлемін барынша арттыру жоспарланып отыр. Ол үшін ескі кәсіпорындарды жаңартып, ондаған шағын цеxтарды жаңадан ашу қажет, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Қазіргі кезде республика бойынша 148 сүт өңдеу кәсіпорны бар. Соның 41-ін жаңарту қажет. Оның үстіне алдағы уақытта 42 шағын кәсіпорынды жаңадан салу керек", - деді Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзаxметов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, бүгінде барлық кәсіпорындар сүттің 1,8 млн тоннасын өңдей алуға қауқарлы. Алайда оның тек 1,1 млн тоннасы (60 пайызы) ғана өңделеді. Алдағы уақытта аталған көрсеткішті 80 пайызға, яғни 1,6 млн тоннаға дейін жеткізу жоспары бар. Осының арқасында отандық сүт өнімдерінің жалпы көлемін 49 пайызға арттыруға болады. Сонда шетелден келетін сары ірімшік 70 пайыздан 51 пайызға, сары май 37 пайыздан 17 пайызға, ақ ірімшіктің мөлшері 35 пайыздан 23 пайызға дейін төмендейді", - деп атап көрсетті Мырзаxметов.

Министрліктің жоспарына сәйкес, сүт өңдеу саласындағы жаңа кәсіпорындар Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар, Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында салу жоспарланған. Себебі аталған аймақтарда шикізаттың мол қоры бар.

Айта кетейік, сүт өңдеу саласы осы саладағы кәсіпорындарды дамытудың картасына енді . Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев өнім өңдеу саласындағы кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау картасын іске асыруға тапсырма берді.  Аталған құжаттың аясында жеңілдетілген несиелер беріледі.