Қазақстанға келетін туристер небары 4 күнін осында өткізеді
«2022 жылы туризмнен 389 млрд теңге салық түскен. Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметтері бойынша туризм табыстылығы жағынан мұнай өндіруден кейінгі екінші орында. Демек, туризм саласын дамыта отырып, оны экономиканың толыққанды драйверіне айналдыруға болады. Жалпы, бізде оған толық мүмкіндік бар. Бірақ тиісті инфрақұрылымның жоқтығы оған тежеу болып тұр. Бір ғана мысал, «Талдықорған-Өскемен» тас жолында жөндеу жұмыстарының бітпегенін, жол бойында абаттандырылған санитарлық-гигиеналық тораптардың жоқтығын көрдік. Жазғы демалыс уақытында Алакөл жағалауындағы демалыс аймақтарында электр энергиясы қуатының жетіспеуі байқалды. Ал интернет пен байланыс сапасы сын көтермейді, жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражат 3 жылдан бері игерілмей келе жатыр», - деді С. Дүйсембинов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, Жетісу облысы әкімдігі дайындаған сметалық құны 4,9 млрд тенгені құрайтын Балқаш демалыс аймағының инженерлік-коммуникациялық желілерін салу жобасы әлі де шешімін таба алмай отыр.
Сонымен қатар депутат Талғар ауданындағы «Oi-Qaragai» тау шаңғы кешенінде әлі күнге дейін оның мүмкіндігі толық пайдаланылмай жатқанын айтты.
«Туристік мақсатта келген шетелдіктер орта есеппен елімізде 4 күн ғана болған деген ақпарат бар, ал 3-4 күнде ең болмаса бір қаланы аралап үлгеруге бола ма? 2022 жылдың қаңтар-қыркүйегінде елімізге келуші туристер саны 3,4 млн адам болса, басқа елдерге демалуға барған қазақстандықтар саны - 5,6 млн. Отандастарымыздың басым бөлігі елімізде демалмай, шетелге шығып демалуды қалайды. Себебі қызмет көрсету сапасы шетелдік демалыс орындарында жоғары. Шаруа қожалықтарына туристерге қызмет көрсету үшін қонақ үйлер мен глэмпингтер салуға, туристерді экологиялық таза тамақпен қамтамасыз етуге жағдай жасау фермерлердің табысын көбейтіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, туризмді дамытуға оң әсер етер еді», - деді сенатор.
«Сондықтан туризмді экономиканың толыққанды драйверіне айналдыруға нақты жағдай жасайтын, еліміздің туристік әлеуетін толық пайдалануға бағытталған, әсем табиғатымызды әлемге әсерлі етіп жеткізе алатын, демалыс аймақтарын тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ете алатын жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірлеу ұсынылып отыр», - деп түйіндеді Сұлтан Дүйсембинов.