Туризмнен түсетін табыс та өсіп отыр. Мәселен, Алматы облысында сегіз айда туризм саласынан бюджетке 3,9 миллиард теңге түскен. Бұл былтырғыдан 39 пайызға көп. Ал алғашқы жартыжылдықта өңірдегі қонақүйлер мен демалыс орындары 264 мыңға жуық турист қабылдаған.
Қазір туристерді табиғат пен тарихи орындармен қатар, ірі мәдени және спорттық шаралар да қызықтырады. Былтыр Алматыдағы Дженнифер Лопес концертіне 35 елден 7 мыңға жуық шетелдік келген. Олардың қаладағы туристік шығыны 5 миллиард теңгеден асқан.
Бұл үрдіс биыл да жалғасты. Қазақстанда Enrique Iglesias концерті, Cirque du Soleil гастрольдері мен халықаралық фестивальдер өтті. Ал Астанадағы SOLANA FEST фестиваліне 12 мыңнан астам билетті шетелдіктер сатып алған.
Бірақ мұндай туристік ағынды Астана мен Алматыдан өзге өңірлерге де бағыттай аламыз ба? Бұл туралы Туризм индустриясы комитетінің ресми өкілі Жайнагүл Қаппасова Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында жауап береді.
— Мәдени туризм — шетелдік және ішкі туристерді тартатын маңызды бағыттардың бірі. 2026 жылдың басында министрлік тарапынан халықаралық ұлттық күнтізбе бекітілді. Оған еліміздің барлық өңірін қамтитын 55 іс-шара енгізілді. Бұл шаралар тек Астана мен Алматыда емес, өңірлерде де ұйымдастырылады. Басты мақсат — әр өңірге ішкі туристерді тартып, олардың табиғаты мен тарихи-мәдени орындарын таныту, — деді Жайнагүл Қаппасова.
Маманның айтуынша, Шетелдік танымал әншілердің концерттеріне келетін туристердің саны артып келеді. Келесі жылға да мұндай іс-шаралар көп жоспарланып отыр. 2027 жылдың жаңа күнтізбесі келесі жылдың басында белгілі болады.
— Халықаралық іс-шаралар мен концерттерге келген туристер, әдетте, елде 2-3 күн болады. Олар қонақүйлерге орналасып, қаланы және туристік нысандарды аралайды. Қазірдің өзінде 2027 жылға дейін елімізде 25-ке жуық қонақүй салу жоспарланып отыр. Шетелдік турист елге бір рет келіп қана қоймай, қайта оралуы үшін ең алдымен сапалы сервис қажет. Сондықтан халықаралық қонақүй желілерін тартуға және осы салаға инвестиция әкелуге басымдық беріліп отыр, — деді ол.
Шетелдік туристерге еліміздің өңірлерін аралататын туроператорлар қызмет көрсетеді. Олардың қызметі министрлік тарапынан тексеріліп, рұқсат беріледі. Туристерге сапалы қызмет көрсету үшін гидтердің біліктілігін арттыруға да көңіл бөлініп отыр.
— Гид қызметінің сапасы да маңызды. Бұл бағытта Түркістан облысында Туризм және меймандостық университеті жұмыс істейді. Онда кәсіби туризм мамандары даярланып жатыр. Саладағы мәселелер мен сын-ескертулер де назардан тыс қалмайды. Туристер әсіресе жазғы маусымда тазалық мәселесіне қатысты шағымдарын жиі айтады. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр, — деді ол.
Жайнагүл Қаппасованың айтуынша, қазір «Қазақстан.travel» ұлттық платформасы әзірленіп жатыр. Онда сегіз тілде еліміздің әр өңірі, туристік нысандар мен жоспарланған іс-шаралар туралы ақпарат беріледі.
— Гидтер мен туроператорлар туралы мәлімет те осы платформадан қолжетімді болады. Турист үшін қажетті ақпараттың барлығы бір жерге жинақталады. Платформа келесі жылы іске қосылады. Кәсіпкерлер өз қызметтерін сол жерге орналастыра алады, ал туристер өзіне қажетті қызмет пен бағытты оңай табады, — деді маман.
Алматы облысы — туристер ең көп баратын негізгі бағыттардың бірі. Оның табиғаты мен тарихи-мәдени орындары туристер үшін тартымды. Сонымен қатар басқа өңірлердің де туристерге қолайлы жағдай жасауына басымдық беріліп отыр. Мысалы, Қызылорда облысында қонақүйлер салу және туроператорлармен жұмыс істеу бағытында жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ Байқоңыр ғарыш айлағын тамашалауға арналған арнайы туристік маршруттар әзірленіп жатыр екен.
Айта кетейік, жақында Абай облысындағы туризмнің әлеуеті мен түйткілдері жайында жазған едік.