Қазақстанға келген шетелдік тікелей инвестиция 5 есеге артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың бірінші жартысында Қазақстанға келген шетелдік инвестицияның ағымы бес есеге артты. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлім етті.

«Соңғы екі жылда Мемлекет басшысының әлемнің негізгі елдеріне жасаған сапарлары Қазақстанға 42 млрд АҚШ долларынан астам сомада міндеттемелерді қамтамасыз етті. Биылдың жартыжылдығында инвестициялауды тарту қарқынында елеулі өсім байқалуда. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында тікелей шетел инвестициясының ағымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бес есеге артып, 5,7 млрд АҚШ долларын құрады», - деді Е. Ыдырысов.

Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Қазақстанда шетелдік үлестің қатысуымен 19 685 заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер жұмыс істеуде. Бірлескен кәсіпорындардың көбісі Ресей, Түркия, Нидерланды, Германия және Қытаймен арада іске асырылуда. 2014 жылмен салыстырғанда бірлескен кәсіпорындар саны 25 пайызға артқан.