Қазақстанға келген шетелдік турист саны 2,3 есе көбейді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылғы қаңтар-наурыз аралығында елімізге 227,7 мың шетелдік турист келген. Бұл былтырмен салыстырғанда 130 мың адамға немесе 2,3 есе көп. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде Қазақстанға 97 мың шетелдік келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алғашқы тоқсанда ішкі туристер саны да 20%-ға артты. Қаңтар-наурыз аралығында 1 млн 348 мың қазақстандық ел ішінде саяхаттаған.

«Былтыр елімізге 1 миллионға жуық шетелдік турист келді. Биыл бұл көрсеткіш 1,4 миллионға дейін өседі деп жоспарланған. Бұл шетелдік қонақтардың Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Мәселен, жаз басталғалы Қазақстанға келген шетелдіктер саны 3 есе артты», - деді МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.