Қазақстанға келіп алданып қалатын шетелдік туристер мәселесі қалай шешіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елімізге келген шетелдік туристерді такси қызметі мен валюта айырбастауда алдап кету жайттары барын айтты.
- Туристерге арналған QR код жүйесі енгізіліп жатыр. Кейде туристер келген бетте такси, байланыс, валюта айырбастау сияқты қызметтерден алданып қалып жатады. Оның алдын алу үшін QR код жүйесі жасалды. Оның ішінде такси, электронды SIM-карта, қонақ үй брондау, негізгі ақпарат пен тіркелу қызметтері жинақталды, - деді Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында.
Әзірге QR кодтар еліміздің 4 қаласында, яғни Астана, Ақтау, Түркістан және Шымкент қаласында ғана орналастырылған.
- Қазір QR кодты әуежайларда орналастыру үшін қосымша қаражат қажет болып отыр. Осыған орай тәжірибені кең тарату үшін тиісті әкімдіктер мен Көлік министрлігінің қолдауы қажет. QR кодты барлық әуежайға, вокзалдар мен шекара өткелдеріне орналастыру керек, - дейді ол.
Бұған дейін Туризм және спорт министрі елімізге келген шетелдік туристер санағын жүргізуге қатысты түсінік берген еді.
Айта кетсек, былтыр елімізге әртүрлі мақсатта 15,3 млн шетелдік қонақ келген.
Сондай-ақ Үкімет отырысында елімізде қонақ үй жүйесіне реформа жүргізілетіні айтылды.
Одан бөлек, елімізде шаруаларға агротуризммен айналысуға рұқсат берілмек.