Қазақстанға келу бұрыннан арманым еді — Silk Way Star-ға Түрікменстан атынан қатысатын Довран Шаммыев

Фото: Jibek Joly

АСТАНА. KAZINFORM – «Silk Way Star» музыкалық жобасына Түрікменстан елінің атынан қатысып жатқан Довран Шаммыев Астанаға келген сәттегі әсерімен бөлісті.

— Мен үшін мұндай ауқымды байқауға қатысу — үлкен мәртебе. Қазақстанға келу бұрыннан менің арманым еді. Біз бауырлас халықтармыз ғой, содан да болар, қазақ мәдениеті, салт-дәстүрі, музыкасы мені ерекше баурайды. Ұқсастығымыз өте көп, мен тіпті қазақ тілін түсінемін. Астана мен Ашхабад сондай ұқсас екен, бір сәт өзімді өз елімнен алыстап шықпағандай сезіндім, - деді жас әнші «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында. 

Сондай-ақ ол байқау алдында басқа қатысушылардың көңіл-күйі қандай екенін айтып берді.

— Кез келген әртіс көпшілік алдына шығарда қобалжиды. Бірақ қазір ойымызды жинап, байқауда жақсы өнер көрсетуге бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Өз Отаныңның намысын қорғау үлкен жауапкершілік қой. Кеше алғашқы дайындықтан кейін басқа қатысушылармен танысып, достасып үлгердік. Бұл жобаны сайыс деп айтуға ауыз бармайды, себебі қазірдің өзінде сондай жылы атмосфера сезіледі, дос көңіл аңғарылады, - деді Довран Шаммыев.

Айта кетейік, күні кеше халықаралық «Silk Way Star» байқауының 12 қатысушысы түгел Астанаға келді