Қазақстанға кімдер тұрақты қоныстана алады: жаңа мамандықтар тізімі жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда шетел азаматтарының елде тұрақты тұруға рұқсат алуына негіз болатын сұранысқа ие мамандықтар тізімін қалыптастыру қағидалары жаңартылды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі .

Фото: Кабар

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 26 мамырдағы бұйрығымен шетелдіктерге елде тұрақты тұруға рұқсат алуға құқық беретін сұранысқа ие мамандықтар тізіміне және оны қалыптастыру қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 12 шілдеден бастап «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік цифрлық порталының жаңартылған ұғымы енгізіледі. Бұл – Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жұмыс іздеуді, кадрларды іріктеуді және жұмыспен қамту саласындағы қызметтерді электрондық әрі проактивті форматта ұсынуды қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық жұмыспен қамту платформасы.

Сұранысқа ие мамандықтар тізімі бұдан былай «Шетелдік жұмыс күші» автоматтандырылған цифрлық жүйесінің деректерін, кадрларға деген орта мерзімді қажеттілік болжамын және «Электрондық еңбек биржасы» порталындағы бос жұмыс орындарын талдау негізінде қалыптастырылады.

Сонымен қатар жаңа цифрлық платформа аталған тізімді әзірлеу кезінде 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданыла бастайды.

Министрліктің мәліметінше, бұйрықтың өзі 2026 жылғы 12 маусымнан бастап күшіне енеді. Алайда жекелеген нормалар кейінірек қолданысқа енгізіледі.

Ведомствоның хабарлауынша, сұранысқа ие мамандықтар тізіміне денсаулық сақтау, инженерия, цифрлық технологиялар, білім беру және креативті индустрия салаларындағы мамандар қосылған.

Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласы бойынша нейрохирург, гематолог, онколог, неонатолог, эндокринолог дәрігерлері, сондай-ақ анестезиолог-реаниматологтар мен акушер-гинекологтар бар.

Инженерлік-техникалық бағытта авиация, ғарыш технологиялары, фармацевтика өнеркәсібі, лазерлік жабдықтар және жаңа өндірістік технологиялар саласындағы мамандар қамтылған.

Цифрлық технологиялар мен инновациялар саласына бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілер, жасанды интеллект пен үлкен деректер жөніндегі мамандар, ақпараттық жүйелер сәулетшілері, киберқауіпсіздік инженерлері, бұлтты есептеу технологиялары бойынша мамандар және басқа да ІТ қызметкерлері енгізілген.

Сондай-ақ тізімге педагогика ғылымдарының өкілдері мен креативті индустрия мамандары – графикалық дизайнерлер, суретші-иллюстраторлар, бейнемонтажерлер және дыбыс режиссерлері енді.

Бұған дейін елімізде тұрақты тұрып жатқан қанша шетелдік бар екенін жазған болатынбыз.