Қазақстанға көршілік қатынастарын үнемі пысықтап отыруға тура келеді - Питер Франкопан

АСТАНА. KAZINFORM – Оксфорд университетінің профессоры, «Жердің айтылмаған тарихы» бестселлерінің авторы Питер Франкопан Астанада өтіп жатқан «Conneсted-2024» халықаралық конференциясының жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Питер Франкопан БАҚ өкілдерінің жасанды зейін, цифрландыру тенденцияларының адамзат тарихына әсері туралы сұрақтарына жауап бере отырып, Қазақстанның әлем геосасатындағы орны туралы пайымын айтты. 

«Қазақстан әлемдегі ең ірі мемлекеттердің бірі. Бұл ел заманның тыныш кезінде айрықша қызықты, ал қиын шақтарда өте күрделі өңірге айналып шыға келетін аймақта тұр. Солтүстіктеріңізде Ресей, шығыс жақтарыңызды Қытай бар. Бір бүйіріңізде Орталық Азия жатыр. Иран мен Ауғанстан да алыс жатқан жоқ. Сондықтан Қазақстанға көршілік қатынастарды ұдайы пысықтап отыруға тура келеді», - деді Оксфорд профессоры.

Тарихшы Батыс қоғамының Қазақстанды Орталық Азияның бір бөлшегі ретінде қарауы кей жағдайда тиімсіз екенін айтады.

«Біз, батыстағылар, Қазақстанды үнемі Орталық Азия елдерімен бірге қараймыз. Мұндай тәсіл әрдайым тиімді деуге келмейді. Қазақстанның аумағы үлкен, халқының саны өсіп келеді, жастар көп. 1991 жылы Астананың шағын қала болғанын елестетудің өзі қиын. Қазір ол Қазақстанның орталығына айналып отыр. Соған қарап бұл елдегі өзгерістер қарқыны орасан болғанын түсінуге болады. Елдің ендігі тыныс-тіршілігі көбіне сіздерге, жас буынға байланысты болады. Сіздердің не істейтіндеріңізге, қандай өзгерістерді қалайтындарыңызға байланысты», - деді Питер Франкопан.

Бұған дейін Астанада әлемнің 60 елінен шақырылған сарапшылар «Conneсted-2024» халықаралық конференциясына қатысып жатқанын жазғанбыз.