Қазақстанға Куба боксшылары келді

Фото: Фото: ҚБФ

Қазақстанға бокстан Кубаның ерлер құрамасы келді. Басты мақсат – Қазақстан боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынына және Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнирге қатысу, деп хабарлайды Kazinform ҚБФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қонақтар қатарында барлығы 9 былғары қолғап шебері мен екі жаттықтырушы бар. Олардың арасында Әлем чемпионатының және Панамерикалық чемпионаттың қазіргі финалистері, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Негізгі екпін олимпиадалық салмаққа аударылған. Куба құрамасының бас бапкері Карлос Мануэль Перес Рейестің айтуынша, оның боксшыларының арасында тәжірибелі спортшылар да, жастар да кездеседі.

«Біз Қазақстанға бірінші рет келген жоқпыз. Бізде бокста елдер арасында жақсы достық қалыптасқан. Сондықтан, командамызбен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізу, сонымен қатар Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған дәстүрлі турнирде өз өнерлерімізді көрсету туралы шешім қабылдадық. Мен өз атымнан және Куба құрамасының атынан белгілі тұлғаларыңыздың құрметіне арналған жарысқа шақырғандарыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді және барлығы нәтижелі болады деп сенемін», - деді кубалық бокс бапкері өз сұхбатында.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың тәрбиеленушілері мен Бостандық аралынан келген қонақтардың қатысуымен Қарағанды қаласында 4-16 желтоқсан аралығында оқу-жаттығу жиыны өтеді.

17 желтоқсанда Қарағандыда Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған ХХХІХ халықаралық турнир басталады. Ерлер мен әйелдер арасындағы үздіктер 21 желтоқсанда анықталады.