Қазақстанға медициналық туристер келіп жатыр - Ажар Ғиният

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелден келген науқастар Қазақстандағы клиникаларда ем қабылдап жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде JCI халықаралық стандарты аясында қызмет көрсете алатын 10-ға жуық клиника бар. Олар медициналық қызмет сапасы бойынша халықаралық жоғары стандартқа сәйкес келеді. Әлем бойынша науқастар тиісті медициналық қызмет түрін қарастырған кезде, біздің клиникаларға бйланысқа шығып жатады», - деді А. Ғиният Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Осы орайда ол қолайлы бағамен шетелдің медициналық туристері Қазақстанға тартылып жатқанын айтты.

«Біздегі баға қалта көтеретіндіктен, шетел азаматтары ем қабылдауға келіп жатады. Пандемияға дейін бес мыңға дейін шетелдік кардиохирургиялық, нейрохирургиялық, стоматологиялық және басқа да бағыттарда ем алуға келіп жүрді. Бұл клиникалар мемлекеттік мекемелер», - деді министр.