Қазақстанға мемлекеттік сапармен Словакия Президенті Иван Гашпарович келеді

АСТАНА. Наурыздың 29-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен мемлекеттік сапармен Словакия Президенті Иван Гашпарович келеді.

Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен апталық брифингте аталған ведомствоның баспасөз хатшысы Ілияс Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сапар барысында Словакия Президенті екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі бойынша және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдар тұрғысында ел басшылығымен келіссөздер жүргізетін болады.

Сондай-ақ бұл сапар барысында екі елдің іскерлік топтар өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өтеді. Сонымен бірге екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланып отыр.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан 2009 жылы Қазақстан мен Словакция арасындағы тауар айналымы 1 млрд. АҚШ долларынан асып түскен.