Жүргізушінің бірінші сұрағына жауап бере отырып, ҚР Президенті биржадағы мұнай бағасының құлдырауы Қазақстанның экономикасына түсетін кірісті азайтты деген болатын. Сондықтан, агенттік тілшісі Қазақстан мұнай бағасының арзандауына байланысты, қандай шаралар қолданғанын сұрады.
«Егер де мұнай, газ сияқты шикізат рерустарының бағасы түссе, кейбір бай мемлекеттер үшін қарғыс деп саналатын. Бірақ, бізге бұл әсер еткен жоқ. Себебі, осы ресурстардан түскен қаржыны қорға сақтай бердік. Кейін, экономикалық қиындықтар туған кезде, сол қордың қаржысын пайдаландық», - деді Елбасы.
Президент атап өткендей, Қазақстан мұнай мен газ сияқты шикізаттың бағасына тәуелді болмау үшін, экономиканы әртараптандыра отырып, индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырды. Үдемелі индустриялық инновациялық даму бағдарламасының алты жылында елімізде 1100 жаңа кәсіпорын ашылған екен.