Қазақстанға Оңтүстік Кореядан келетін азық-түлікке шектеу қойылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мониторинг жұмысының нәтижесінде Оңтүстік Кореядан келетін азық-түліктің төрт түрінде ГМО мөлшерінің көп екені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш мониторингті Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ай сайын жүргізеді.

«Генетикалық модификацияланған объектілерге қатысты Нұр-Сұлтан қаласындағы дүкендерде мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде Оңтүстік Кореядан келетін азық-түліктің төрт түрінде - соя мен жүгері бағытындағы өнімдерде ГМО мөлшерінің көп екені белгілі болып отыр. Атап айтқанда, соя мен жүгеріде ГМО мөлшері 2 пайыздан 100 пайызға дейінгі аралықта болған. Негізгі шек - 0,9 пайыз болатын. Ол өнімдердің қатарына «Кляр» аунатылған қоспасы мен жылдам дайындалатын лапшаның үш түрі енді», - деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы - Бас мемлекеттік санитар Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, азық-түліктің аталған түрлерін тасымалдау мен сатуға қатысты уақытша санитарлық шаралар қабылданған.

«Қазірге дейін өнімдердің аталған түрлерін сауда сөрелерінен тәркілеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, Қазақстанға аталмыш өнімдерді тасымалдаушы импортерлермен кездесу өткізіледі. Оңтүстік Корея елшілігіне нота жолданды», - дейді Бекшин.

Айта кетейік, бұған дейін Жандарбек Бекшин тауар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 2019 жылдың 1 тоқсанында жүргізілген жұмыс қорытындысын жариялаған болатын.