Қазақстанға Прагадан 40 бас Пржеваль жылқысы әкелінбек

ПРАГА. ҚазАқпарат – Чехия Республикасының Прага қаласында Пржеваль жылқысын Қазақстанға жерсіндіру жобасын жоспарлау бойынша халықаралық семинар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, семинар Прага хайуанаттар бағы осы жылдың сәуір айында ҚР мен Чехия Үкіметтері арасында қол қойылған Қазақстандағы жабайы жылқылар популяциясын жандандыру жөніндегі ұзақмерзімді ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылған.

Іс-шараға Берлин, Нюрнберг және Будапешт хайуанаттар бағының, Франкфурт зоологиялық қоғамының, Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығының (АСБК), Хортобаг ұлттық паркінің (Венгрия) және үлкен Гобий қорығының (Моңғолия)өкілдері қатысты.

Қазақстандық делегацияны Экология және табиғи ресурстар Бірінші вице-министрі Нұркен Шәрбиев басқарды.