Қазақстанға Ресейден әкелінген 125 текше метр ағаштан қауіпті зиянкес табылды

АСТАНА. KAZINFORM - Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциялары карантиндік фитосанитариялық бақылау барысында Ресей Федерациясынан залалданған орман өнімдерін әкелу фактілерін анықтады.

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар жалпы көлемі 125 текше метр болатын қарағайдан жасалған қылқан жапырақты ағаш материалдарын ел аумағына кіргізуге жол бермеді.

Карантиндік фитосанитариялық бақылау жүргізу кезінде ағаш материалдарынан карантиндік маңызы бар қауіпті нысан – Monochamus тұқымына жататын қарағай сүрекқоңызының дернәсілдері анықталды.

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Заң бұзушылық Абай облысының Семей қаласында әрқайсысының көлемі 40 текше метр болатын ағаш материалдары легін қайта тексеру барысында анықталды.

Тағы бір жағдай Астана қаласында көлемі 45 текше метр ағаш материалдары легін тексеру кезінде тіркелді.

Анықталған барлық факті бойынша зертханалық сараптама жүргізіліп, нәтижесінде қарағай сүрекқоңызы дернәсілдерінің бар екені расталды.

Карантинге жатқызылған өнім иелеріне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды. Материалдар мамандандырылған әкімшілік соттардың қарауына жолданды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға карантинге жатқызылған өнімдерді ел аумағына әкелу кезінде карантиндік заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салады.

Осыған дейін Қырғызстаннан әкелінген жемістерден қауіпті зиянкестер анықталған болатын.