Қазақстан Республикасының Сингапурдағы Елшілігі «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, «Kazakhstan-Singapore End-of-the-Year Networking Event» іскерлік форумын өткізді.
Іс-шараны ашқан Елші Асқар Құттықадам 2026 жылғы тамызда Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лунның Қазақстанға жасаған ресми сапарының нәтижелерін атап, қазіргі таңда екіжақты қатынастар ауқымды практикалық іске асыру кезеңіне өткенін айтты: 2026 жылдың 8 айында тауар айналымы 1,3 млрд. АҚШ долларына жетіп (2025 жылдың жалпы көрсеткішінен асып түсті), 2025 жылы сингапурлық ТШИ ағыны шамамен 1,5 млрд. долларды құрады, ал күшіне енген Қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісім бизнеске нарықтарға преференциялық қолжетімділікті қамтамасыз етті.
Логистика мен цифрландыру саласындағы серпінді жобаларға — қазақстандық SCAT әуе компаниясының Сингапурға рейстерін іске қосуға, Changi Airports International компаниясымен Астана әуежайларын дамыту жөніндегі келісімге, сингапурлық PSA International компаниясымен бірлесіп Орта дәлізді цифрландыруға ерекше назар аударылды.
— ҚР жаңа Конституциясының күшіне енуі және ағымдағы жылдың 10 айында Қазақстанның ЖІӨ-нің 4,5%-ға өсуі аясында қазақстандық спикерлер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі экономикалық ережелерін таныстырды. Атап айтқанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасына, Alatau City-де ағылшын құқығы қағидаттарын қолдана отырып Халықаралық қаржы және коммерциялық орталық құруға, Digital Qazaqstan бағдарламасы аясындағы жобаларға және 2029 жылға қарай 13,3 ГВт энергетикалық қуаттарды іске қосуға баса назар аударылды, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ Сингапур бизнес федерациясы Интернационалдандыру жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Прасун Мухерджи, ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі Вонг Хеанг Файн, Alatau City Authority бас директорының орынбасары Нина Янг, Елшілік, «KAZAKH INVEST» және сингапурлық бизнес өкілдері сөз сөйлеп, таныстырылымдар жасады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Сингапур әуе қатынасын кеңейтіп, жүк тасымалын арттыруға ниетті екенін жаздық.