Қазақстанға техникалық жәрдем беретін АҚШ ұйымдарына салықтық жеңілдіктер қарастырылатын болады
Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы Жәрдем көрсетуді жеңілдету жөніндегі ынтымақтастыққа қатысты келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады.
«Заң жобасының мақсаты АҚШ Үкіметінің Қазақстан Республикасына гуманитарлық, экономикалық және техникалық көмектерін жүзеге асыруды қамтамасыз ету болып табылады. Бұл ретте АҚШ тарапы Қазақстанға денсаулық сақтау, білім беру, экономикалық даму және сауда-саттықты көтермелеу жәрдемдерін қарастыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті және бизнестің басқа да салаларын қолдау көзделеді», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов.
Оның айтуынша, Келісімге сәйкес, АҚШ-тың Қазақстанға техникалық көмек көрсететін мемлекеттік және жекеменшік ұйымдары үшін салықтық және басқа да жеңілдіктер қарастырылатын болады. Келісімге 1992 жылғы наурыз айында қол қойылған болатын.