Қазір ол тергеу изоляторына қамалды, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.
Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері күдіктіні Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің қолдауымен елге қайтарды.
Тергеу мәліметінше, күдікті ұйымдасқан қылмыстық топтың өзге мүшелерімен бірге жезөкшелікпен айналысатын және сексуалдық сипаттағы қызмет көрсететін адамдардың сауалнамаларын «Kyzdar.net» интернет-ресурсында жарнамалауға көмектескен.
Ол аталған адамдардан сайттағы сауалнамаларының шоттарын толықтыруға өтінімдер қабылдап, олардың қызметтерін ілгерілетумен айналысқан.
Топ мүшелері түскен қаражаттан комиссиялық сыйақы ұстап қалып, қалған ақшаны сайт әкімшілеріне аударып отырған. Осылайша, жеңгетайлыққа бағытталған заңсыз схеманың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз еткен.
Қылмыстық топтың бірқатар мүшесі бұған дейін әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал күдікті мен топтың басқа да мүшелері қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.
-Биыл шілдеде күдікті Грузия аумағында ұсталды. Кейін Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді. Оған тағылған айыптар бойынша мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Ресейден Қазақстанға есірткі зертханаларын ұйымдастырған күдікті экстрадицияланғаны туралы жаздық.