Қазақстанға виза алу үшін кезекке тұрған қандастарымыз екі сағатта 15 мыңға жақындады

АСТАНА.ҚазАқпарат - Қытайдағы қандастарымыздың виза кезегіне арналған kezek.cn сайты 6 сәуір күні мамыр-маусым айының виза кезегін таратты. Оған сәйкес, екі сағатта 15 мыңға жуық адам екі айдың виза кезегіне тұрып үлгерген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

hazharas.com сайтының хабарлауынша, әр екі айдың виза кезегін бекітетін «кезек» жүйесіне 1 жүмыс күнінде 350 адамның тіркелуіне мүмкіндік бар. Бүгін мамыр-маусым айының 42 жүмыс күніне 14700 адамға виза кезегі берілді. 4 және 5 сәуір күні «кезек» жүйесінің ұялы телефонға арналған нұсқасы сынақтан өткізіліп, 700 адам бір сағатқа жетпей кезекке тұрып болған. Ал 6 сәуір кезек сайты дәстүр бойынша екі айдың виза кезегі туралы мәліметті таратып, 14 мың адам екі сағатқа жетпей тіркеліп болды. Бұдан бөлек Астанадағы Экспо көрмесін тамашалауға ниеттеніп отырған тағы қаншама қандастарымыз виза кезегінен орын ала алмаған.

Айта кетерлігі, Қытайдағы қандастарымыздың Қазақстанға виза рәсімдеудегі қиындықтарды жеңілдету үшін, Үрімжі Қаласындағы ҚР СІМ Төлқұжат-виза қызметінің қолдауымен Үрімжі қаласындағы Қазақ жастары интернеттік сайт арқылы кезекке тіркеу жүйесін 2015 жылы наурыз айынан бастап іске қосқан. Осыдан кейін төлқұжат-виза қызметі есігі алдындағы ұзыннан ұзаққа созылған кезек азайған.