Қазақстанға Жапониядан келген туристер қатары 9 мыңнан асты

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Жапония арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді.

Өткен жылы елімізге 9 200-ден астам жапон туристі келіп, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 38%-ға артты. Келушілер легінің өсуі қазақстандық туризм индустриясы үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Токио және Осака қалаларында қазақстандық туроператорлар Жапонияның ірі туристік нарық өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Skyway, Kompass және MLtour компаниялары ұлттық әуе тасымалдаушы Air Astana-мен бірлесіп, Қазақстанның туристік әлеуетін HIS, JATA, JTB, Otomo Travel, Tairiku Travel, All Seasons Travel секілді жетекші жапон компанияларына таныстырды.

Келіссөздер барысында жапон серіктестеріне жаңа туристік өнімдер мен бағыттар ұсынылды.

Қазақстандық делегация сондай-ақ Осака қаласында ЭКСПО-2025 аясындағы іскерлік бағдарламаға қатысты. «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы QazExpoCongress қолдауымен жапондық компаниялар мен қазақстандық туроператорлар арасында B2B кездесулер ұйымдастырды. Оның барысында Air Astana, «Karavansaray Turkistan» көпфункционалды туристік кешені және «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы өз жобаларын ұсынды.

– Жапон аудиториясы тарапынан елімізге деген қызығушылықтың артқаны байқалады және бұл елдің компанияларымен ынтымақтастықты белсенді дамытуға ниеттіміз. Бұл – Қазақстанның туристік әлеуетін паш етуге және екіжақты байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Kazakh Tourism екі елдің туризм бизнесі арасында тиімді диалог орнатуға септігін тигізеді, – деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының м.а. Даниел Сержанұлы.

Өткізілген кездесулер Жапония тарапынан Қазақстанға қызығушылықтың артып отырғанын көрсетті.

Сарапшылардың пікірінше, бұл бағытта бірлескен жобаларды дамыту екі ел арасындағы туристік ағынды одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жапондықтар Кельн соборына ерекше сый жасап, студенттердің қылығына кешірім сұрады.