13:59, 22 Сәуір 2009
Қазақстанға жұрт танитын ұлттық бренд керек ? «Болашақ» бағдарламасының түлегі
АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Ризуангүл Садықова/ - «Болашақ» бағдарламасының арқасында мен заманауи халықаралық медиатехнология саласы бойынша жақсы білім алып, білікті маман атана алдым, дейді Италиядағы Әулие Мария бикеш атындағы Рим университетін жұртшылықпен байланыс (Public relations) мамандығы бойынша бітірген ҚР Президентінің баспасөз қызметінің қызметкері Дина Қонақбаева.
- Дина, ата-анаңыз және отбасыңыз туралы айтып берсеңіз? - Мен көп балалы отбасында өстім, біз төрт ағайындымыз. Техникалық кәсіптің өкілдері болып табылатын ата-анам, екеуі де құрылысшы-инженер, бізді жастайымыздан білімге баулыды, бізді шығармашылық тұрғыдан дамытуға тырысты.
Университетке түспес бұрын, мен болашақ мамандығым туралы көп ойландым. Өзіме ұнайтын және шығармашылық мүмкіндігімді толық ашуға мүмкіндік беретін іспен айналысқым келді. Осылайша мен Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсу туралы шешім қабылдадым. Сонда екінші курста оқып жүрген кезімде оқуымды шетелде жалғастыру туралы ой пайда болды. - Неліктен Италияны таңдадыңыз?- Итальяндық университетті таңдаған себебім, мен мектепте оқып жүрген кезімде өз бетіммен итальян тілін үйрене бастаған болатынмын. Сан ғасырлық тарихы бар осы ел мені ерекше тартатын. Ол елдің білім сапасын бүкіл әлем мойындайды. Бұл жолы мен «Жұртшылықпен байланыс» мамандығын таңдадым, себебі ол журналистикамен тікелей байланысты, бірақ та оның қызмет аясы кеңдеу.
Университетті нақты таңдап болғаннан кейін мен «Болашақ» стипендиясына құжаттарымды тапсырдым. Бірінші жылы оқу да, адамдармен қарым-қатынас жасау да, өзге халықтың діліне үйрену де маған қиындау соқты. Бірақ та адам бәріне де үйренеді. Шетелде жүргенде өзгересің, кейбір мәселелерге басқаша қарайтын боласың, басқа адамға айналасың. Жауаптылығың артады, есейесің. Бізде жоқ нәрсені үйренесің, және тек қана сенің туған жеріңде ғана бар нәрсені бағалайтын боласың. Отаныңа деген патриоттық сезімің күшейе түседі, елің үшін мақтанышың артады.
Осынау стипендияның арқасында мен заманауи халықаралық медиатехнология саласы бойынша жақсы білім алып, білікті маман атана алдым.- Қазір қазақстандық брендті іздестіру мәселесі көп сөз болып жатыр. Осыған қатысты өз ойыңызбен бөліссеңіз? - Елдің ұлттық мүддесі мен брендін дамыту - кез-келген мемлекет үшін маңызды стратегиялық әрекет, келешекке салынған инвестиция деуге болады. Елдің экономикалық жетістіктері мен басқа елдермен арадағы қарым-қатынасының дамуы көбіне сол елдің сыртқы нарықтағы имиджіне байланысты қалыптасады. Қазақстан енді ғана дамып келе жатқан жас мемлекет болғандықтан, жұрт танитын күшті ұлттық брендке мұқтаж. Саясаткерлердің де, зиялы қауым өкілдерінің де арасында кеңінен талқыланып жүрген мәселелердің бірі ? осы. Ұлттық брендті таңдаудағы негізгі бағыттардың бірі ? бірінші кезекте, біздің еліміздің өзіне ғана тән ерекшелігін, мазмұнын анықтау туралы талап болуы керек. Менің ойымша, қазақстандық бренд, ең алдымен, туризм, мәдениет және спорт сияқты салалардың төңірегінде жасалуы тиіс. Бұл мәселеге жұртшылықты, әсіресе шетелдерде оқыған жастарды кеңінен тарту жөн болар еді.
«Болашақ» бағдарламасының да өзіндік имидждік жоба екенін айта кету керек. «Болашақтықтар» - шетелдерде Қазақстанды таныстырып жүрген дарынды жастардың өкілдері біздің еліміздің жастарды зияткерлік дамытуға зор маңыз беріп отырған және дамудың жоғары деңгейіне талпынған мемлекет ретіндегі имиджін қалыптастыруға сеп болып жүр.
Елбасымыздың бастамашылығымен құрылған «Болашақ» халықаралық бағдарламасы шетелге барып жақсы білім алуға, дүниетанымды кеңейтуге, өмірлік құндылықтарды тереңінен түсінуге жағдай жасайтын тамаша мүмкіндік.
Менің де мол әлеуетке ие, мәдени мұраға бай елімізді дамытуға өз үлесімді қосқым келеді.