Қазақстанмен арада визасыз режим: Қытайда мемлекетішілік рәсімдер аяқталған жоқ

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанмен арада визасыз режим жөнінде Қытай жағынан мемлекетішілік рәсімдер әлі аяқталмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан мен Қытай өзара визасыз режим туралы келісімнің 11-ші бабына сәйкес, осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Уағдаласушы тараптардың оның күшіне енуі үшін қажет мемлекетшілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді. Өз кезегінде, Қазақстан жағы мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы Қытайға хабарлама жолдады. Қытай тарапынан тиісті хабарлама әзірге келіп түскен жоқ», - делінген Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген жауабында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл жазда ҚР Үкіметінің 26 шілдедегі № 612 қаулысына сәйкес, Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында екіжақты виза режимі туралы келісім бекітілді.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қытаймен визасыз режимге қатысты шешім жыл соңына дейін қабылдануы мүмкін екенін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында бірқатар құжатқа қол қойылды. Олардың арасында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім» бар.

Атап айтқанда, Андорра, Албания, Никарагуа мемлекеттерімен визасыз режим бойынша келісімдерге 2022 жылы қол қойылып, 2023 жылы олар ресми күшіне енді. 2023 жылы визасыз режим орнату бойынша ҚХР және Вьетнаммен елдерімен келісім бекітілді. Бұл келісімдер мемлекетшілік рәсімдер аяқталғаннан кейін ресми күшіне енеді.