Қазақстанмен арадағы ынтымақтастық қатынастар мен барлық саладағы бауырластық байланыстарды нығайтуға ниеттіміз - Палестина Президенті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Палестина Мемлекетінің Президенті Махмуд Аббас Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына орай құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Махмуд Аббас Палестина Үкіметі мен халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

«Біз Қазақстан Республикасымен арадағы ынтымақтастық қатынастар мен барлық саладағы бауырластық байланыстарды нығайтып, дамытуды және халықтарымыздың бірлескен мүдделерін жүзеге асыру үшін оны барынша жаңғыртуды жалғастыруға ниетті екенімізді тағы бір рет айтамыз», - делінген жеделхатта.

Соңында Палестина Президенті Мемлекет басшысына мықты денсаулық және бақыт, ал Қазақстан халқына ілгерілеу мен бақ-береке тіледі.