Қазақстанмен достық қарым-қатынасқа мүдделіміз — Армения президенті Ваагн Хачатурянмен сұхбат

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Армения Республикасының президенті Ваагн Хачатурян Қазақстанға ресми сапармен келді және Қазақстан мен Армения басшыларының кездесуі өтті: онда тараптар сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, аграрлық, қаржылық, мәдени-гуманитарлық салаларда, сондай-ақ цифрландыру бағытында ынтымақтастықты нығайту жайын талқылады. 15-16 қазан күндері Қазақстандағы Армения мәдениет күндері де өтті. Kazinform агенттігіне берген сұхбатында Ваагн Хачатурян Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынастардың дамуы және ынтымақтастықтың келешегі туралы толыққанды айтып берді және екі ел алдында тұрған заманауи сын-қатерлер туралы ой бөлісті.

Президент мырза, биыл қыркүйек айында Қазақстан мен Армения арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа 25 жыл толды. Біздің елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынасты қалай бағалайсыз және оның болашағы қандай?

Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан мен Армения арасында Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды, онда біздің ынтымақтастығымыздың негізгі басымдықтары белгіленген болатын. Мен бұл келісімнің өз жемісін бергенін айта аламын, қазір Қазақстан мен Армения достық қарым-қатынастағы елдер болып саналады және елдеріміз бен халықтарымыз көпжылдық достық қатынастарды сақтап қана қоймай, барлық салаларда ынтымақтастықты жалғастыруда. Бұл екіжақты және көпжақты қатынастағы экономикаға, мәдениетке, жаңа технологияларға, саясатқа қатысты.

Қазір мемлекет басшыларының ғасырлар бойы қалыптасқан достық қатынастарымызды жалғастырып, оларды елдеріміздің дамуы үшін пайдаланып жатқаны, әсіресе Арменияның басынан өткеріп жатқан қиындықтарды ескерсек, бір-біріне көмектесіп жатқаны өте маңызды. Бізге осы достық қажет және құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға және Қазақстан үкіметіне қазіргі жағдайда көрсеткен көмегі үшін алғыс айтамыз. Мен мұнда тек экономикалық емес, саяси қарым-қатынастарды да меңзеп отырмын. Мысалы, биыл Алматыда бізге Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлерінің кездесуін ұйымдастыру мүмкіндігі берілді, онда әлі шешілмеген Бейбітшілік туралы келісім мәселелері талқыланды. Тоқаев мырзамен ресми кездесу барысында осы жағдайды талқыладық. Қазақстан қажет болған жағдайда өз алаңын ұсынуға дайын екенін білдірді.

Биыл сәуір айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет Арменияға ресми сапармен барды. Оның нәтижесінде қазір қандай келісімдер мен жоспарлар жүзеге асырылып жатыр?

Мұны тарихи сапар деп атауға болады, өйткені оған дейін Қазақстан Президенті 2001 жылы ресми сапар жасаған еді. Яғни 23 жыл бойы ресми сапар болмады, дегенмен екі ел басшыларының Ереванда әртүрлі форматта кездесетін көптеген мүмкіндіктері болды. Осылайша 2001 жылдан кейін алғаш рет бұл кездесу өтті. Қазір жүзеге асырылып жатқан көптеген құжаттарға қол қойылды. Осыдан кейін Армения мен Қазақстан арасындағы тиісті комиссиялар, үкіметаралық комиссиялар және үкіметтік құрылымдар белсенді жұмыс істей бастады, олардың мақсаты — қарым-қатынасымызды тереңдете түсу және бизнесімізге бір-бірін жақынырақ тануға мүмкіндік беру. Биыл Қазақстанда және Арменияда екі іскерлік форум өтті, біз бір-бірімізді көбірек танып, бизнесіміз бен халқымызға елдеріміздің мүмкіндіктерін көрсетуіміз қажет.

Мен Қазақстанның мүмкіндіктері зор екеніне сенімдімін, бірақ Армения әлі де болса бұл мүмкіндіктерді толық көлемде пайдаланып отырған жоқ. Дәл осы жағдай Арменияға да қатысты — біздің экономика анағұрлым кіші болғанымен, Қазақстан экономикасын дамытуда бірнеше салаға қатыса аламыз. Бұл туралы құрметті Тоқаев мырзамен сөйлестік, шешілуі керек нақты мәселелерді талқыладық. Мысалы, логистика мәселесі — Орта дәлізді Армения Республикасымен, дәлірек айтсақ, біздің өңірмен байланыстыру. Бұл жаңа мүмкіндіктер ашады: тауарлар жерүсті жолымен Грузия, Армения, Иран, Түрікменстан, Қазақстан арқылы шығысқа, Қытайға жетеді және ол жақтан да тауарлар келер еді. Үкімет өкілдеріне тиісті тапсырмалар берілді және бұл жұмыс қазір жалғасуда.Начало формы

Өзіңіз айтып өткендей, биыл Қазақстан-Армения бизнес форумдары өтті. Оған қоса, Арменияда қазақстандық капиталы бар 100-ден астам компания тіркелгені белгілі. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2022 жылмен салыстырғанда 23%-ға өсті. Бұл елдеріміз арасындағы өзара тиімді экономикалық байланыстардың дамуына қалай әсер етуі мүмкін? Сіздің ойыңызша, болашақта тауар айналымы қандай көрсеткіштерге дейін өсуі мүмкін?

Нақты цифрларды айта алмаймын, бірақ шын мәнінде бұл көрсеткіштің арта түсетініне сенімдімін, өйткені мүмкіндіктер орасан зор. Енді осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін жаңа әдістер табу қажет. Мысалы, логистиканы, Қазақстанның теңіз порттарын қолдануды алайық. Бұл жағдайда бізде экономикалық қатынастарды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Әрине, ең алдымен бизнеске қолдау көрсетуіміз керек, содан кейін бизнес өкілдерінің өздері қос тараптың көңілінен шығатын экономиканы дамыту жолдарын табарына сенімдімін. Ел басшылары мен үкіметтердің міндеті — бизнес пен басқа салалардың дамуына мүмкіндік беру және жағдай жасау. Қазір біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Мен Тоқаев мырзаның биылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын, ондағы ел мен үкімет алдында қойған міндеттерді мұқият оқып шықтым. Байқағаным, біздегі міндеттер мен мәселелер қатты ұқсас болып шықты. Бұл туралы да сөйлестік. Екі ел де қазір саяси және экономикалық жүйелерді жаңғырту кезеңінде тұр. Бұл трансформацияда біз демократиялық, еркін және тәуелсіз елдер екенімізді ескеріп, экономика мен халықтың әл-ауқатын жақсартудың ең тиімді жолдарын табуымыз керек. Мысалы, Қазақстан жаңа Салық кодексін әзірлеп жатыр, біз де бұл іске кіріскелі жатырмыз. Қазақстан жаңа Су кодексін әзірлеуді жоспарлап отыр, біз де. Көлеңкелі экономика мәселесі Қазақстанда да, бізде де бар, яғни көптеген ұқсастықтар мен проблемаларымыз бар.

Мәжілісте біз заң шығару саласында бір-бірімізге көмек көрсету туралы айттық, өйткені қазір парламент өкілдері тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр. Мәжіліс пен Арменияның Ұлттық жиналысында достық топтары құрылды. Біздің делегация құрамында Армения-Қазақстан достық тобының жетекшісі де болды. Бұл бірлескен жұмыс, өйткені заң шығару процесінде егер бір елде жақсы заңдар болса, басқа нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ. Мүмкін біз жасағымыз келетін нәрсе Қазақстанда бар шығар, ал Қазақстанда жасалмақ нәрсе Арменияда бар шығар. Яғни, бұл күнделікті шығармашылық жұмыс деуге болады. Менің осы сапарым және Премьер-Министр Н. Пашинян мен Қ. Тоқаев мырзаның кездесуі елдеріміздің дамуына және екіжақты қарым-қатынастарға қолдау көрсету үшін билік құрылымдарының еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беретініне сенімдімін.

Еуразиялық интеграция аясында Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастық қалай дамып келеді?

Бұл ерекше қарым-қатынас, өйткені биыл Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанына 10 жыл толды. Бұл құрылымдағы жетістіктер мен кемшіліктерді қорытындылап, талдау жүргізу қажет. Біз Еуразия экономикалық қауымдастығына мүше барлық елдердің өкілдерімен, әсіресе қазақстандық әріптестерімізбен тығыз жұмыс істейміз, өйткені кейбір мәселелерді жалғыз шешу қиынға соғады. Қолда бар экономикалық көрсеткіштерге сүйенсек, Еуразия экономикалық одағы шын мәнінде жұмыс істеп жатыр деуге болады. Бірақ, одақты құру кезінде айтылғандай, басты назар экономикалық қатынастарға бағытталған. Мен Қазақстанның бұл ұстанымға сүйене отырып, ЕАЭО аясындағы қатынастарды тереңдетуге дайын екенін білемін, өйткені кейде кейбір экономикалық мәселелер саяси мәселелердің туындауына байланысты шешілмей қалады.

Біз Еуразиялық экономикалық одақта саясат болмауы керек, тек экономикамен айналысу қажет деп есептейміз. Дегенмен бұл мүмкін емес, экономика мен саясат тығыз байланысты, ал қайсысы бір-біріне көбірек әсер ететінін — саясат экономикаға әлде керісінше ме — ешкім білмейді. Дегенмен, біз тәуелсіз мемлекеттер екенімізді, саяси мәселелер мен идеологиямызды өзіміз шешетінімізді түсінеміз. Сондықтан бұл мәселеде бір-бірімізге кедергі келтірмей, керісінше, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылымдары аясында бірлесіп жұмыс істеуге және экономиканың дамуына қолдау көрсетуге тырысамыз.

Жалпы, Қазақстан мен Армения арасындағы қарым-қатынастардың қай саласы сіз үшін ең маңызды болып отыр?

Біз үшін ең басым бағыт – экономиканың жоғары технологиялық бағыты. Қазір Қазақстан IT және жоғары технологиялар саласына үлкен инвестициялар салуда. Армения да бұл салада үлкен қарқынмен – жылына 20-25% дамып келеді. Мен бұл саланы екі ел экономикасының дамуы үшін маңызды деп санаймын және осы бағытта ынтымақтаса аламыз. Бүгін осында қалдым, өйткені Astana Hub және финтех сияқты жаңа мүмкіндіктеріңіз бен технологияларыңызды міндетті түрде көргім келеді. Біз бұл салада жаңа құрылымдар құруға қызығушылық танытып отырмыз, әсіресе биыл бізде суперкомпьютер және жаңадан ашылған дата-орталық сияқты жетістіктер бар. Инженерлік қала салынып жатыр, ондағы алғашқы компания ашылып үлгерді. Инфрақұрылым да жұмыс істеп тұр. Яғни, біз де осы салаға инвестиция салып, қарқынды дамып келеміз, Қазақстан да бұл бағытта табысты жұмыс істеп жатқанын білемін.

Білім беру де – маңызды салалардың бірі. Біз сіздердің бұл саладағы жетістіктеріңізге ерекше қызығушылық танытып отырмыз. Біздің салалық министр осында және бүгін бірнеше мектепті аралап көргісі келеді. Өйткені біз нақты білім беруге қомақты қаражат салуымыз қажеттігін түсінеміз. Біздің елдеріміздің болашағы білім берудің дамуына тікелей байланысты, Қазақстанның да, Арменияның да саясаты осындай. Сіздерде бұл салада елеулі табыстар бар екенін байқадық және сол тәжірибені көргіміз келеді. Бізде 2018 жылмен салыстырғанда білім беру жүйесіне арналған бюджеттік шығындар екі есеге артты. Бұл біз үшін қомақты қаражат, әрі қарай да инвестиция құюға тырысудамыз. Бұл негізінен жаңа мектептер салуға немесе ескі мектептерді 100% жаңғыртуға қатысты. Кеше құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзамен сөйлестім, ол сіздердің тәжірибелеріңіз туралы айтты, біз де мектептер үшін салынатын ғимараттар ең заманауи және жаңа болуы керек деген ұстанымдамыз. Мектепте ескі ештеңе қалмауы керек – орындықтан бастап, теледидар жүйелеріне дейін бәрі жаңа болуы керек.

Энергетика саласында да жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Қазақстан референдумнан кейін жаңа атом электр станциясын салуды ұйғарды, ал Арменияда 1970 жылдардан бері жұмыс істеп тұрған атом станциясы бар, оған қоса, жаңа АЭС салуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан бұл салада да ынтымақтасып, пікір алмасуға мүмкіндік бар. Атом энергетикасы – жоғары технологиялық сала, оған біз сияқты кішігірім елдер де, Қазақстан сияқты ірі елдер де мұқтаж. Болашақта энергетикалық мәселелерді шешуде атом энергетикасы өте маңызды рөл атқарады. Мен Президент Тоқаевты референдум нәтижесімен құттықтадым. Қазақстанда бұл аса бір сезімтал мәселе екенін түсінемін, Семей полигоны туралы да білемін. Ереванда да белгілі бір толқу бар: жер сілкінісінен кейін атом станциясы тоқтап, 1995 жылы қайта іске қосылған болатын. Президент, үкімет және депутаттардың халыққа атом станциясының қажет екенін бағалауға мүмкіндік берген жұмысын жоғары бағалаймын. Халық құрылысты қолдады, бұл экономиканың дамуы үшін өте маңызды.

— Астанаға сапарыңыздың басты қорытындылары қандай? Қандай келісімдерге қол жеткізілді?

— Біз сәуір айында жасалған келісімдерді орындауға дайын екенімізді тағы бір рет растадық. Бірлесіп өткізген мәдени шараларымыз, дәлірек айтқанда, Қазақстанда өткен Армения мәдениеті күндері өте маңызды. Келесі жылы Арменияда Қазақстан мәдениеті онкүндігін өткізу туралы уағдаластық, бұл да аса маңызды. Кейде ең маңызды нәрсе – экономикалық және халықтың көкейтесті мәселелері болып көрінуі мүмкін, бірақ мен мәдени шаралар мен ортақ дәстүрлер мен мәдениеттің де маңызды екеніне сенімдімін. Біздің халықтарымызға осы мәдениетпен және дәстүрлермен танысуға мүмкіндік беруіміз керек, өйткені қарым-қатынас деңгейі бір-бірімізді қаншалықты жақсы білетінімізге байланысты. Кеше Астанада өткен концерт (Армения мәдениеті күндерінің ашылуына арналған концерт, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрында өтті – ред.) қазақстандықтарға Армения, армян музыкасы туралы көбірек білуге мүмкіндік берді деп ойлаймын. Қазақстанда театр өнері жаңа тыныс алғанын білемін, бізде де сол жағдай байқалуда. Астанада өте әдемі театрды көрдім, бізде де жақында заманауи театр салынды, ал ертең сол театрдың өкілдері өз қойылымдарын ұсынады, бұл мәдени байланыстарымыздың дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ мәдениет министрлеріміздің болашақтағы ынтымақтастық туралы құжатқа қол қоюы да маңызды қадам болды.

— Президент мырза, сұхбатыңыз үшін көп рахмет!

— Рахмет, біздің халықтарымызды ғасырлар бойы қалыптасқан достық қарым-қатынас байланыстыратынын тағы да қайталап айтқым келеді. Қазақстан біз үшін достық ниеттегі, маңызды және сенімді серіктес, біз мұны ешқашан ұмытпаймыз.