Қазақстанмен достық қарым-қатынасты жоғары бағалап отырмыз – Тәжікстан вице-премьері
«Қазақстан Республикасы Тәжікстанның маңызды стратегиялық серіктесі саналады және біз тығыз әрі достық қарым-қатынасты жоғары бағалап отырмыз. Қазіргі жаһандық сын-қатерлер мен тәуекелдердің жағдайында ынтымақтастық салаларын кеңейту бәріміз үшін маңызды басымдыққа айналып келеді. Сауда-экономикалық байланыстардың жалпы сипаттамасында өзара сауда көрсеткіштері маңызды. Қазіргі кезде Қазақстан Тәжікстанның сыртқы сауда серіктестері арасында экспорт-импорт операциялары бойынша екінші орында тұр», - деді С. Зиёзода Астанадағы Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумында.
Оның айтуынша, былтыр өзара сауда 263 млн АҚШ долларына немесе 20 пайыздан астам деңгейде артты.
«Сонымен қатар, тәжік-қазақ қарым-қатынастарында ынтымақтастықтың экономикалық бөлігін кеңейту тұрғысында зор мүмкіндіктер бар екенін атап өткім келеді. Бүгінде Тәжікстанда экономикаға инвестиция тарту үшін барлық жағдай жасалған. Банк және экономиканың нақты секторларын қолдауға назар аударылып отыр. Кәсіпкерлік қызметпен байланысты рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған тиісті саясатты реформалау үдерісі ескерілген. Бүгінде бізде ашық экономика және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан», - деді ол.
С. Зиёзоданың сөзіне қарағанда, Тәжікстанда Қазақстан капиталының қатысуымен 100-ден астам бірлескен кәсіпорын құрылып, жұмыс істеп жатыр. Өнеркәсіптік кооперация салаларын кеңейтуге қолдау жасалып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ресурстарды игеру және өңдеуші секторға, көлікке, энергетикаға инвестицияны ұлғайту, сауда-логистикалық орталықтарды құру, туризмді дамыту және туристік хаб құру қамтылған.
«Цифрлық экономиканы дамыту және инновациялық технологияларды енгізу саласындағы ынтымақтастықты жандандыру елдеріміздің әлемдік деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ете алады», - деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылдың І тоқсанында Қазақстаннан Тәжікстанға экспорт көлемі 200 млн долларға жуықтады.
Осы аптада Тәжікстан Президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.