Қазақстанмен матчта Златан Ибрагимович ұлттық рекордқа қол жеткізді

АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Швеция құрамасының шабуылшысы Златан Ибрагимович швед футболы тарихында халықаралық аренадағы ең жылдам голдың авторы атанды, деп хабарлайды Vesti.kz.

ПСЖ сұрмергені 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчында ойынның 28-ші секундында қазақстандықтар қақпасын дәл көздеген еді.

Златан Ибрагимович болса бұл оқиғаға өз таңданысын жасырмады. «Мәссаған, ең жылдам голдың авторы атанғанымды білмеппін. Енді білетін боламын. Алайда мен үшін біздің осы ойында жеңіске жеткеніміз маңыздырақ», - деген болатын Швеция құрамасының шабуылшысы ойыннан кейін.
Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчында Қазақстан Швецияға 0:1 есебімен жол беріп қойды. Осы ойыннан кейінгі турнирлік кестені мына жерден көруге болады. Енді 11 қазан күні біздің жігіттер сырт алаңда Фарер аралдарымен ойнайды.