Қазақстаннан 65 самбошы Азия чемпионатында ел намысын қорғауға аттанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 11-14 мамыр аралығында Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда ересектер, жастар мен жасөспірімдер арасында самбодан Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы Раухан Тоғымбаева хабарлады.

«Ел намысын самбодан Қазақстан құрамасының 65 мүшесі қорғайды. Қазақстан құрамасының жігіттері турнирдің фавориттері саналады. Ташкентте өткен былтырғы турнирде біздің спортшылар 22 алтын медаль иеленген болатын. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы ол кезде екінші орыннан көрінді», - деп хабарлады Раухан Тоғымбаева.

Оның айтуынша, былтыр бірінші орын 24 алтын медальмен Өзбекстан құрамасына бұйырған.

«Дәстүрлі түрге Азия чемпионатына Азияның 25 елінен 400 самбошы қатысады. Осы жылы Қазақстан құрамасы өткен жылғы нәтижесін жақсартуды көздеп отыр. Турнирдің тікелей көрсетілімін Халықаралық самбо федерациясы (FIAS) сайтынан көруге болады», - дейді ол.