Қазақстаннан ем іздеген шетелдіктер көбіне қай елдерден келеді - сұхбат

Фото: Фото Кристина Кривецтің жеке архивінен

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Шетелде отандық медицинаны танытып, үгіттеп жүрген Қазақстан медициналық туризм қауымдастығының президенті Кристина Кривецпен агенттік тілшісі сұхбаттасты.

— Медициналық туризм ұғымына анықтама берсеңіз. Бұл терминді қарапайым сөзбен қалай түсіндіруге болады?

— Медициналық туризм — бұл адамдардың ем алу үшін басқа елге саяхаттауы. Яғни, адамның белгілі бір елге медициналық қызмет алу мақсатында арнайы жолға шығуы. Егер азамат Германияға демалуға барып, саяхат кезінде денсаулығын тексеріп алғысы келсе, бұл медициналық туризм болып саналмайды. Өйткені бұл жағдайда сапардың бастапқы мақсаты — демалыс.

— Шетелдіктер Қазақстанда көбіне қандай медициналық қызмет түрлерін таңдайды? Елімізге көбіне қай елдің азаматтары келеді?

— Шетелдіктер Қазақстанда көбіне бірнеше медициналық қызмет түрлерін таңдайды. Ең алдымен, бұл дәстүрлі медицина: диагностика және емдеу, сондай-ақ профилактикалық тексерулер. Сонымен қатар хирургия саласында, әсіресе ортопедия, кардиохирургия және пластикалық хирургия бағыттары ерекше сұранысқа ие. Стоматология да еліміздің медициналық туризмінде маңызды орын алады. Одан бөлек адамды жасарту процедуралары, ботокс инъекциялары және контурлық пластика сынды эстетикалық медицина қызметтеріне де шетелдіктер жиі жүгінеді. Репродуктивті медицина, атап айтқанда бедеулікті емдеу және жасанды ұрықтандыру да шетелдік пациенттерді ерекше қызықтырады. Сондай-ақ сауықтыру мен отадан кейінгі қалпына келу бағдарламасы, онкологиялық ауруларды емдеу және диагностика қызметтерінің де барған сайын танымалдығы артып келеді.

Фото Кристина Кривецтің жеке архивінен

Жалпы Қазақстанның медициналық туризмі 45 елді қамтиды. Дегенмен, оның басым көпшілігі — ТМД елдерінің тұрғындары, олар жалпы туристер санының 90%-ын құрайды, ал қалған 10% — алыс шетелден келген азаматтар. Бірінші — Ресей. Географиялық жақындық және екі ел арасындағы байланыс Қазақстанды ресейлік пациенттер үшін тартымды етеді. Олар, әсіресе, стоматология, кардиология және ортопедия салаларында медициналық көмек іздейді. Екіншіден — Өзбекстан. Өзбекстандықтар Қазақстанды басқа елдермен салыстырғанда қолжетімді және жақын болғаны үшін таңдайды, әсіресе хирургия және диагностика қажет болғанда келеді. Қырғызстан мен Тәжікстанды да атап өту керек. Бұл елдердің азаматтары Қазақстанға, әсіресе Алматы секілді ірі қалаларға медициналық көмек алу үшін арнайы келеді. Тағы бірі — Қытай. Арнайы медициналық қызмет түрлерін іздейтін қытайлық пациенттердің саны артып келеді. Олар Қазақстан медицинасының қолжетімді бағасына қызығады.

— Қазақстан медициналық туризм қауымдастығының негізгі міндеті мен мақсаты қандай? Еліміздің медициналық туризм дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

— Қазақстан медициналық туризм қауымдастығы медициналық туризм саласында жетекші рөлге ие бола отырып, үлкен жұмыс атқарды. Біз бұл саланы үнемі дамытып, жетілдіруге тырысамыз, маңызды іс-шараларды ұйымдастырамыз және өзіміз де қатысамыз. Халықаралық аренада Қазақстанның медициналық туризмін танымал ету үшін біз еліміздің медициналық мекемелерімен бірге Абу-Даби, Минск, Баку, Ташкент, Бейжің және басқа да қалаларда өтетін халықаралық көрмелерге қатысамыз. Сондай-ақ шетелдік медициналық агенттіктердің қазақстандық клиникаларға сенімін арттыру мақсатында ақпараттық тур ұйымдастырамыз.

Тағы бір маңызды бағыт — медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру. Шетелдік сарапшыларды тарта отырып, тренингтер мен вебинарлар өткіземіз. 2023 жылы Қазақстан медициналық туризм қауымдастығы ұйымдастырған ең ірі іс-шаралардың бірі — Қазақстан Республикасының Президентінің қатысуымен өткен «Астананың 25 жылдығы: Астана — болашақ қаласы» атты халықаралық форум болды. Форум аясында екі маңызды панельдік сессия өтті. Олар: «Туризмнің жаһандық нарығы: мәселелер мен өсім драйверлері» және «Астана медициналық туризм картасында». Сессияларға Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан, Беларусь және Қытай елдерінің медициналық туризм қауымдастықтары шақырылды.

Фото Кристина Кривецтің жеке архивінен

— Өзге елдерге қарағанда Қазақстанның медициналық туризмін тартымды ететін басты себептер қандай?

— Еліміз соңғы жылдары медициналық туризм нарығында ерекше көңіл аударып келеді. 2022 жылы 20 мыңнан астам шетелдік медициналық қызмет алу үшін Қазақстанды таңдаған. Ал 2024 жылы бұл сан 80 мыңға жетті. Бұл елдегі сапалы медициналық қызметке деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Жалпы Қазақстанды медициналық туризм үшін тартымды ететін себептердің бірі — қолжетімділік. Біздегі қызмет бағасы Батыс Еуропа немесе Солтүстік Америка елдерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Сонымен қатар Қазақстан медициналық туризмге арналған инфрақұрылымды белсенді түрде дамытып келеді.

Екіншіден, мемлекетімізде медициналық және мәдени туризмді өзара біріктіретін бірегей бағдарламалар бар. Пациенттер тек денсаулығын жақсартып қана қоймай, сонымен бірге елдің тарихына мен мәдениетіне бойлай алады, көрікті қалаларды аралап, жергілікті асханадан дәм тата алады. Сонымен қатар елдегі 9 медициналық мекеменің халықаралық JCI (Joint Commission International) аккредитациясы бар екенін атап өткен жөн. Бұл Қазақстанның медициналық туризмін жаһандық нарықта ілгерілетуге айтарлықтай көмектеседі. Кем дегенде, Қазақстанның екі мегаполисі — Астана мен Алматы медициналық туризм картасында әлдеқашан маңызды орынға ие болды деп айта аламыз.

Фото Кристина Кривецтің жеке архивінен

— Ал шетелдіктерге елімізде ем алуды таңдауға жиі кедергі келтіретін қандай тосқауылдар бар?

— Қазақстандағы медициналық туризмнің дамуын кедергі болатын ішкі себептерді атасақ: әлемдік әуе компаниялардың тікелей рейстерінің аз болуы, медициналық туристер бойынша сенімді статистикалық деректердің болмауы, медициналық ұйымдардың әлсіз маркетингі және басқа да. Қазақстан Республикасының заңнамасында медициналық туризмді анықтайтын және реттейтін нормативтік-құқықтық актінің болмауы — бұл саланың мемлекеттік деңгейде дамуын айтарлықтай тежейтін фактор десек болады.

Ал шетелдіктер тарапынан ақпараттың жеткіліксіздігі, тіл мен мәдени айырмашылықтар Қазақстанға ем алу үшін келмеуге себеп болуы мүмкін. Ең алдымен, көптеген пациенттер Қазақстанда ем алу мүмкіндіктері, емханалар мен мамандар туралы білмейді. Одан бөлек шетелдік азаматтар медицина қызметкерлерімен қарым-қатынас кезінде тіл білмеуге байланысты түсінбеушіліктен қорқуы мүмкін. Бұл тосқауылдарды жою үшін Қазақстан медициналық туризм қауымдастығы ресми сайтты, әлеуметтік желілерді белсенді жүргізіп, халықаралық көрмелерге қатысады және шетелдік медициналық агенттіктер үшін ақпараттық тур ұйымдастырады.

Фото Кристина Кривецтің жеке архивінен

— Қазақстанда шетелдіктер тарапынан ерекше бағаланатын бірегей медициналық қызмет бар ма?

— 2017 жылы елордадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында алғаш рет толығымен жасанды CARMAT жүрегін имплантациялау отасы жасалды. 2021 жылы Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында Швецияда жасалған заманауи «Гамма-пышақ» кешені іске қосылды. Бұл — ми ісіктерін, қан тамырлары мен функционалдық ауруларды емдеуге арналған радиохирургиялық құрылғы. Осылайша, Қазақстан ТМД елдерінің ішінде үшінші және Орталық Азияда алғашқы болып мұндай жоғары технологиялық жабдықты іске қосты.

Сонымен қатар елімізде бірқатар ерекше медициналық қызмет түрлері бар, олар басқа елдермен салыстырғанда анағұрлым қолжетімді болуы мүмкін. Мысалы, климатотерапия — Алматыда және Каспий теңізі жағалауындағы шипажайларда тыныс алу жолдарының ауруларын, аллергияны және басқа да дерттерді таза ауа және табиғат арқылы емдеу кең таралған. Оған қоса, Бурабай мен Қапшағайда орналасқан шипажайларда түрлі ауруларды емдеуге арналған минералды су процедуралары ұсынылады. Қазақстанның кейбір емханаларында буын және омыртқа ауруларын емдеуде артроскопия және эндопротездеу (жасанды буын орнату) сияқты бірегей әдістер дамығанын атап өткен жөн.

Фото Кристина Кривецтің жеке архивінен

Еске салайық, былтыр Қазақстан медициналық туризм қауымдастығының президенті Кристина Кривец шетелдік туристерді еліміздің медицинасының қай салалары қызықтыратынын айтқан еді.

Бұған дейін кейінгі үш жылда елімізде экотуристер саны 40%-ға өскенін жазғанбыз.