Қазақстаннан қоныс аударатындар азайды — статистика
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл төрт айда Қазақстаннан 1700 адам қоныс аударды. Бұл туралы Ranking.kz ресурсы хабарлайды.
Ресми мәліметке сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында Қазақстаннан басқа елдерге тұрақты тұру үшін шамамен 1700 адам кеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,8 есе аз.
Биыл төрт айда Қазақстанға тұрақты тұру үшін 8100 адам келген. 2024 жылдың қаңтар–сәуірінде бұл көрсеткіш 9900 болған еді. Өткен жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі ең төменгі көрсеткіш — 12,8 мың адам қоныс аударған. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, 2000 жылы елден 156 мыңға жуық адам көшіп кетті.
Өткен жылы көші-қонның 48%-ы Қостанай, Павлодар және Абай облысынан, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облысынан кеткен. Елден кеткен азаматтардың 69% Ресейге қоныс аударған. 2025 жылдың қаңтар–наурыз айларында Ресейге 644 қазақстандық көшкен. Бұл өткен жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда 75,5% аз.
2024 жылы Германияға шамамен 2000 қазақстандық қоныс аударған. Ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл бағыттағы эмиграция 68%-ға төмендеген.
Еске салайық, жыл басында Қазақстанда демография және көші-қон саласын реттейтін мемлекеттік орган құру ұсынылды.