НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстаннан Токио Олимпиадасына қатысатын теннисшілер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, дүниежүзілік рейтингке сәйкес Токиода ел намысын ерлер арасында Александр Бублик, әйелдерден Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Ярослава Шведова қорғайды.
Я.Шведова үшін бұл үшінші Олимпиада болмақ.
Іріктеу тәртібіне сәйкес жекелей сында олимпиадалық ойындарға әр елден ерлер мен әйелдерден төрт үздік теннисшіден қатыса алады. Ол үшін ойыншы ATP және WTA рейтингілеріне 2021 жылғы 14 маусымдағы мәлімет бойынша үздік 56 теннисшінің қатарына кіруі керек және Дэвис кубогы мен Федерация кубогында сол елдің атынан өнер көрсеткен болуы тиіс.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде 21-орынға көтерілгенін, Андрей Голубевтің жұптық рейтингіде әлемдегі үздік 40 теннисшінің қатарына енгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).