Қазақстаннан ірі қара мен ұсақ малдың аналық басын экспорттауға алты айға тыйым салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ірі қара мен ұсақ малдың аналық басын шетелге шығаруға алты айға тыйым салынды. Ауыл шаруашылығы және қаржы министрлері тиісті бірлескен бұйрыққа қол қойды.

Фото: АШМ

— Қазақстан аумағынан, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге ірі қара малдың аналық басын шығаруға алты ай мерзімге тыйым салынсын, — делінген құжатта.

Бұйрыққа сәйкес, тыйым ірі қара малдың (ЕАЭО СЭҚ ТН коды — 0102) және ұсақ малдың (0104) аналық басына қатысты.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне бұл шара туралы Еуразиялық экономикалық комиссияны хабардар ету тапсырылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, бұйрықтың орындалуын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауға тиіс.

Бұйрық 5 қарашадан бастап күшіне енді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Германиядан Қазақстанға құны 6 млрд теңге болатын 5 мың асыл тұқымды мал әкелінетіні хабарланған еді.