Қазақстаннан Сингапурға тікелей әуе рейсі ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — 20 қазаннан бастап SCAT әуе компаниясы Шымкенттен Сингапурға жаңа әуе рейсін іске қосады. Ұшақтар бұл бағытта аптасына екі рет қатынайды.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа бағыт әуе қатынасының географиясын кеңейту мақсатында ашылып отыр.

Рейстің ерекшелігі — SCAT әуе компаниясы Қытай аумағы арқылы транзитпен ұшып, әуе еркіндігінің бесінші дәрежесі құқығын пайдаланады. Яғни жолаушылар Шымкенттен Қытайдың Санья қаласына дейін ұшып, одан кейін Сингапурға сапарын жалғастыра алады.

Бұл ретте әуе компаниясы тек Қазақстан мен Сингапур арасында ғана емес, Қытай мен Сингапур арасында да жолаушылар тасымалдауға мүмкіндік алады.

Министрлік жаңа әуе қатынасы Қазақстан мен Сингапур арасындағы туризм, инвестиция және іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар бұл бағыт Қазақстанның Орталық Азиядағы транзиттік хаб ретіндегі әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін Ақтаудан Ереванға тікелей рейстер 16 желтоқсаннан бастап қайта жанданатынын хабарлаған едік.