НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстаннан тағы екі теннисші Андрей Голубев пен Михаил Кукушкин Токио Олимпиадасына жолдама алды. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықаралық теннис федерациясы осы қос теннисшінің Олимпиадаға қатысатынын ресми түрде мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстаннан Олимпиадаға қатысатын теннисшілер анықталғанын жазған болатынбыз.
Бұл Александр Бублик, Елена Рыбакина, Юлия Путинцева үшін алғашқы Олимпиада болса, Ярослава Шведова үшінші рет бармақшы.
Осылайша Токиоға алты бірдей теннисшіміз аттанғалы отыр. Бұдан бұрынғы Олимпиадаларда қазақстандық теннисшілер төрт жолдамадан артық иеленіп көрген жоқ еді.
Теннисшілердің жекелей не жұптық сында өнер көрсететіні дүбірлі дода жақындағанда шешіледі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).