Қазақстаннан тыс жерде тұратын азаматтарды есепке қою қағидалары жаңарды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстаннан тыс жерде тұрақты және уақытша тұратын ел азаматтарын есепке қою қағидалары өзгерді.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері (бұдан әрі – шет елдердегі мекемелер) тиісті консулдық округтің аумағында Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты және уақытша тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының есебін жүргізеді.

Мұндай тіркеудің мақсаты - азаматтардың құқықтары мен заңды мүддесін қорғау, сондай-ақ оларға қабылдаушы елдің заңнамасында, халықаралық шарттарда және халықаралық әдет-ғұрыптарда көзделген құқықтарын жүзеге асыруға көмектесу .

«Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты және уақытша тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою» мемлекеттік қызметін алушы немесе оның заңды өкілі шет елдегі мекемеге бірқатар құжат ұсынады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын азаматтарды есепке қою мынадай құжаттар қажет:

- жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

- Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұру үшін шығуға арналған құжаттарды ресімдеу туралы шешім немесе Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұру үшін шығуға шешім ресімделгені туралы хабарлама (салыстыру үшін);

Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарын есепке алудың толтырылған карточкасы (бұдан әрі – есепке алу карточкасы);

Қазақстаннан тыс жерде уақытша тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою үшін:

- жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

- Қазақстаннан тыс жерде уақытша тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарын есепке алудың толтырылған карточкасы (бұдан әрі – карточка).

Басқа мемлекетке уақытша тұру үшін шығатын Қазақстан Республикасының азаматтарына шет елдердегі мекемелерінің персоналы, Қазақстан Республикасына бекітіп берілген квоталарға сәйкес халықаралық ұйымдар жанындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындауға жіберілген әскери қызметшілер лауазымдарға тағайындалған, шетелде уақытша еңбек қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ, ұйымдар мен жеке адамдардың шақыруы бойынша оқуда, емделуде, туристік және жеке сапарда, шет елдерде қызметтік іссапарда жүрген адамдар жатады.

Қазақстан Республикасының азаматы шет елдердегі мекемеден келесі жағдайда есептен шығарылады:

- өзі немесе оның заңды өкілі шет елдердегі мекемелерге есептен шығару туралы еркін нысанда жасалған өтініш берсе;

- оның Қазақстан Республикасының басқа шет елдердегі мекемелерінде есепке қойылғаны туралы хабарлама келсе;

- есеп карточкасында/карточкада көрсетілген консулдық округ аумағындағы, уақытша орналасу немесе тұрақты тұру мерзімі аяқталса;

- қайтыс болса, оның хабар-ошарсыз кеткені немесе қайтыс болғаны туралы сот шешімі заңды күшіне енсе;

- Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылса.

Бұған дейін елімізде тұрақты тұруға мүмкіндік алатын шетелдіктер қатары кеңеюі мүмкін екенін жазған едік.