АСТАНА. ҚазАқпарат - Ташкент қаласында ерлер арасында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында Дулат Бекбауов финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық спортшы 67 келіге дейінгі салмақта грузиялық Лаша Гурулимен шеберлік байқасты.
Бірінші кезеңде төрешілердің бәрі Дулат басым деп тапты. Екінші раундта да солай болды.
Қорытынды есеп - 5:0, жекпе-жек Дулаттың пайдасына шешілді.
Бүгін кешкі сессияда Қазақстаннан ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов пен Нұрбек Оралбай рингке шығады.
Еске сала кетейік, бүгін қазақстандық бес боксшының әлем чемпионатының финалына шығу үшін таласатынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасынан алғашқы болып Санжар Тәшкенбай әлем чемпионатының финалына шықты.
Одан кейін Махмұд Сабырхан әлем чемпионын ұтып, финалға жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).