Қазақстаннан жыл сайын әлеуметтік жәрдемақы ретінде сыртқа 50 млн теңге шығарылады
«Қазақстанның Қырғызстанмен шектесетін ең ұзақ аймағы Жамбыл облысында жатыр. Осы орайда бізде «Көші-қон үдерістерінің қауіпсіздігі» атты жоба іске қосылған. Нақты мәліметтерге сүйенетін болсақ, соңғы 3 жыл ішінде Қазақстанның азаматтығын Қырғызстанның 3 мың тұрғыны алды. Қазақстан аймағында тұрақты тұру құқығына 25 мың адам ие болды. Егер 2014-2015 жылдар аралығында мұндай азаматтар саны 8 мың болса, тура осы көрсеткіш биылғы жылдың 8 айында тіркелді. Бұл Қазақтанның посткеңестік мемлекеттердің арасында әлеуметік-экономикалық жағдайы ең қуатты елдердің бірі екендігінің көрсеткіші болса керек. Сондықтан да Қазақстанға өзге мемекеттердің азаматтары үйір. Қазақстан Конституциясының 3 бабында еліміздің азаматтарына өзге мемлекеттің азаматтығын алуға тыйым салынған. Алайда, көші-қон органдарының Қырғыз Республикасының өкілетті органдарымен жүргізілген мәліметтерді салыстыру жұмыстары барысында екі азаматтық алудың 76 жағдайы тіркелді. Осы анықталған азаматтар екі елдің аймағында емін-еркін жүретін болған. Олардың кейбірі тіпті Қазақстандағы әлеуметтік жеңілдіктерді де пайдаланып келген»,-деді прокуратура өкілі.
Оның айтуынша, анықталған фактілер бойынша, облыстық ІІД-не тиісті шара қолдану жөнінде тапсырма берілген. Осы мәселе бойынша қазір әр ауданда арнайы жұмыс топтары құрылып, әлеуметтік жәрдемақы түрінде елімізден қаржы алып кету әрекеттері анықталуда. Алдын ала қорытынды бойынша, прокуратура назарға алған заң бұзу жағдайлары бойынша тағы 42 факті мәлім болған.
«Қордай ауданының Қырғызстанмен шектесетін Сортөбе, Масаншы және Ауқатты елді мекендерінде іс жүзінде Қырғызстанда тұрып жатқан 4 мыңнан астам азамат анықталды. Тек Сортөбе ауылында ғана Қазақстанда тұру құқығына ие болған, алайда өздері Қырғызстанда тұрып жатқан 2400 азамат анықталды. Алдын ала мәліметтер бойынша, осындай әрекеттердің салдарынан еліміздің аймағынан шығарылған қаржы көлемі 50 млн теңгеден асып жығылады»,-дейді Көбеев.
Ол келтірген мәліметтер бойынша, тексеру жұмыстары еліміздің азаматтығын алған кейбір азаматтардың Қазақстанға тек әлеуметтік жеңілдіктерді алу үшін 3-4 сағатқа ғана келіп жүргендерін анықтады.
«Біз тіпті бүгінгі заң терминологиясында жоқ үш азаматтық алу әрекеттерінің де куәсі болып отырмыз. Қордай ауданында Қазақстан және Қырғызстанмен қатар Ресейдің азаматтығын да алып алған адамдар белгілі болды. Олар әр мемлекеттің аймағына өтерде сол елдің азаматы екендігін растайтын құжаттарды көрсетіп жүре берген»,-деп қосты облыс прокуратурасының басқарма бастығы.