Қазақстанның 10 боксшысы Черногориядағы әлем чемпионатында бақ сынайды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның 19 жасқа дейінгі боксшылар құрамасының аға жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаев 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысатын спортшылардың тізімін бекітті. Әлем біріншілігі Черногорияның Будва қаласында өтеді.

Фото: World Boxing

Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, ұлттық құрама сапына 10 боксшы енген. Олардың қатарында жастар арасындағы Азия чемпиондары Бибарыс Әшірбай мен Владислав Саможонов бар.

Қазақстанның U-19 құрамасы:

  • 50 келіге дейін: Әділ Асқанбай;

  • 55 келіге дейін: Айдос Үсенов;

  • 60 келіге дейін: Данияр Ақбисенов;

  • 65 келіге дейін: Ақжүрек Қалабай;

  • 70 келіге дейін: Бибарыс Әшірбай;

  • 75 келіге дейін: Әмір Рамазан;

  • 80 келіге дейін: Тимур Тайбеков;

  • 85 келіге дейін: Руслан Ахметов;

  • 90 келіге дейін: Еркетаң Жарқынбек;

  • 90 келіден жоғары: Владислав Саможонов.

Sports.kz мәліметінше, World Boxing ұйымының қаолдауымен өтетін 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионаты 16–27 қазан аралығында Черногорияның Будва қаласында ұйымдастырылады.

Жерорта теңізі спорт орталығында өтетін дүбірлі додаға 75-тен астам ұлттық федерациядан 550-ден аса боксшы қатысады деп жоспарланған. Жас спортшылар ұлдар мен қыздар арасындағы 10 салмақ дәрежесінің әрқайсысында бақ сынайды. Нәтижесінде 20 алтын, 20 күміс және 40 қола медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Айта кетейік, Азия ойындарында Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай алтын медаль жеңіп алды.