Қазақстанның 11 өңірінде жылыту маусымы басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің 11 өңірінде жылыту маусымы басталды. 1 қарашаға дейін қалған өңірлерде жылумен жабдықтауды бастау жоспарланған.
Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкімет отырысында баяндады.
— Үкіметтің соңғы отырысынан бастап 1 энергия блогы, 10 қазандық және 12 турбина жөнделді. Сондай-ақ 29 шақырым жылу желілерінде, 828 шақырым электр желісінде және 16 қосалқы станцияларда жөндеу жұмыстары аяқталды. Жалпы кестеге сәйкес, 7 энергоблокта, 34 қазандықта және 24 турбинада жөндеу жүргізілді, — деді Р. Скляр.
Қазан айында 1 энергоблокта, 25 қазандықта және 13 турбинада жөндеуді аяқтау жоспарланып отыр. Жылу және электр желілеріндегі жөндеу жұмыстары аяқталды.
— Орал қаласында жылу желілерін жөндеу аяқталды. Аягөзде жылыту маусымы 29 қыркүйекте басталды, ондағы 2 резервтік қазандықты жөндеу жұмыстары аяқталуда. Сәтпаевта жылыту маусымы 3 қазанда басталды. Бірінші және төртінші қазандықтардағы жұмыстар аяқталып қалды. Жалпы жұмыс белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр, — деді бірінші орынбасар.
Айта кетейік, Петропавлда кей үйлерге жылу беру кешіктіріліп жатыр.
Бүгін Ақтауда жылу беру маусымы басталады.