Қазақстанның 16 өңірінде дауылды ескерту жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазгидромет» РМК синоптиктері Қазақстанның 16 өңірінде 16 шілде күні ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жарияланғанын мәлімдеді. Бірқатар аймақтарда найзағай, бұршақ, күшті жел мен аптап ыстық күтіледі.
«Қазгидромет» мәліметінше, Шымкент қаласында 16 шілде күні төтенше өрт қаупі сақталады.
Күндіз Абай облысының шығысында, оңтүстігінде және орталығында найзағай ойнап, бұршақ жауады. Жел солтүстік-шығыстан, шығыстан соғады. Күндіз аталған аймақтарда желдің жылдамдығы 15–20 м/с, екпіні 23 м/с-ке жетеді. Оңтүстігінде 38 градусқа дейін аптап ыстық болады. Солтүстік-батысында және орталығында жоғары өрт қаупі, оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Ақмола облысының батысы мен солтүстігінде найзағай күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан соғады, күндіз батысы мен солтүстігінде екпіні 15–20 м/с. Батысында және оңтүстігінде жоғары өрт қаупі бар.
Ақтөбе облысының батысында, солтүстігінде және орталығында күндіз найзағай болады. Жел батыстан, солтүстік-батыстан соғады, күндіз батысында және орталығында екпіні 15–20 м/с. Оңтүстігінде 35–38 градусқа дейін ыстық болады. Орталығында және оңтүстігінде төтенше өрт қаупі, солтүстігінде, батысында және шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Алматы облысының таулы аудандарында және күндіз оңтүстігінде найзағай ойнайды. Жел оңтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауысады, таулы және оңтүстік аймақтарда екпіні 15–20 м/с.
Атырау облысының солтүстігінде және батысында күндіз бұршақ жауып, түнде найзағай күтіледі. Жел солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа ауысады, солтүстігі мен батысында екпіні 15–20 м/с. Күндіз облыс бойынша 35–38 градусқа дейін қатты ыстық болады. Солтүстігінде және шығысында төтенше, оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Шығыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде және шығысында найзағай ойнап, бұршақ жауады. Жел оңтүстік-шығыстан солтүстік-шығысқа ауысады, күндіз осы өңірлерде екпіні 15–20 м/с, кей жерлерде 23 м/с-ке дейін жетеді. Оңтүстігінде күндіз 35 градусқа дейін ыстық болады.
Жамбыл облысының таулы аймақтарында күндіз найзағай күтіледі. Жел солтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа ауысады, солтүстік-шығысында және таулы аудандарда екпіні 15–20 м/с. Күндіз 38 градусқа дейін қатты ыстық сақталады. Батысында, оңтүстігінде және шығысында төтенше өрт қаупі бар.
Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде қатты жаңбыр жауады. Батысында, солтүстігінде және шығысында найзағай, күндіз бұршақ жаууы мүмкін. Жел солтүстік-шығыстан, солтүстіктен соғады, күндіз батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде екпіні 15–20 м/с. Оңтүстігінде 36 градусқа дейін ыстық болады. Жоғары өрт қаупі сақталады.
Қарағанды облысында жел оңтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауысады, батысы мен орталығында жылдамдығы 15–18 м/с. Оңтүстігінде күндіз 35 градусқа дейін ыстық болады. Солтүстігі мен шығысында жоғары, батысы мен оңтүстігінде төтенше өрт қаупі бар.
Қостанай облысының солтүстігі мен шығысында күндіз найзағай, бұршақ күтіледі. Жел солтүстік-батыстан, батыстан соғады, күндіз солтүстігі мен шығысында екпіні 15–20 м/с. Оңтүстігінде 35 градусқа дейін қатты ыстық болады. Оңтүстік-батысында төтенше, оңтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Қызылорда облысында жел солтүстік-батыстан соғады, солтүстігі мен орталығында екпіні 15–20 м/с. Күндіз 40 градусқа дейін аптап ыстық болады. Төтенше өрт қаупі бар.
Маңғыстау облысында күндіз 38–42 градусқа дейін аптап ыстық күтіледі. Төтенше өрт қаупі сақталады.
Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында күндіз қатты жаңбыр, бұршақ жауады. Батысында, солтүстігінде және шығысында найзағай болады. Жел батыстан, солтүстік-батыстан соғады, осы өңірлерде жылдамдығы 15–20 м/с, күндіз екпіні 25 м/с-ке жетуі мүмкін.
Түркістан облысының батысында және шөлді аудандарында күндіз 40 градусқа дейін аптап ыстық күтіледі. Төтенше өрт қаупі сақталады.
Ұлытау облысында жел оңтүстік-батыстан соғады, күндіз батысында және орталығында екпіні 15–18 м/с. Күндіз 35–36, ал оңтүстігінде 39 градусқа дейін ыстық болады. Облыс бойынша жоғары, орталығы мен оңтүстігінде — төтенше, шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.